Бүгін: 06.08.2022
Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті деп атауға болады. Сондықтан, біздің мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттарының бірі бұқаралық спорт қозғалысын кеңейту болып табылады.Н.Ә. Назарбаев

 

  1. Биыл 25 ақпанда менің анам 59 жасқа толады. Ол зейнеткерлікке шығуға дайындалып жатыр. Бұл үшін құжаттарды қайда тапсыру керек?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес зейнет жасына толған азаматтар, олардың ішінде биыл 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 59,5 жасқа толған әйелдер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқылы. Осылайша Сіздің анаңыз 59,5 жасқа толуға 10 күн қалғанда, яғни ағымдағы жылдың 15 тамызында зейнетақы төлемдерін алуға өтініш бере алады. Алайда есіңізде болсын, зейнетақыны 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін рәсімдеу керек. Егер анаңыз одан кешіктірсе өтінішті 2021 жылы 60 жасқа толғанда беруіне тура келеді.    

Зейнетақы алу құқығына ие болған азаматтар зейнетақы төлемдерін рәсімдеу бойынша бірыңғай өтініш пен құжаттар топтамасын тек бір жерге – «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚО) тапсырады. Әрі қарай Қор төлемдері мен бюджет есебінен берілетін зейнетақылар (ортақ және базалық зейнетақы) кесте бойынша алушының өтінішінде көрсетілген банк шотына ай сайын бір мезгілде аударылып отырады. Бұл ретте алушыға мемлекеттік кепілдік бойынша айырма сомасын (инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтары мен нақты енгізілген МЗЖ, МКЗЖ сомасы арасындағы айырма) төлеуге қатысты алдын алу қызметі көрсетіледі. Яғни, бұл үшін бөлек өтініш берудің қажеті жоқ.

Қордан алғашқы төлемдер зейнет жасына толған алушының банк шотына оның өтініші Мемлекеттік корпорацияға тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде немесе Қордан зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Әрі қарай Қор төлемдері мен бюджет есебінен берілетін зейнетақылар арнайы кесте бойынша алушының өтінішінде көрсетілген банк шотына ай сайын бір мезгілде аударылып отырады.

Зейнетақыны рәсімдеу үшін ХҚО-ға мынадай құжаттарды тапсыру қажет:

жеке басты куәландыратын құжат;

банк шотының нөмірі;

жұмыс орнынан айлық табыстар және міндетті зейнетақы жарналары туралы анықтама;

еңбек кітапшасы;

білімі туралы диплом;

әскери билет (қорғаныс істері бойынша жергілікті басқармадан);

неке туралы куәлік;

балалардың туу туралы куәліктері.

Туу туралы куәлік жоқ болса, актілік жазбадан үзінді-көшірмені немесе азаматтық хал актісін тіркеу туралы анықтаманы әкелуге болады. Толық ақпаратты Мемлекеттік корпорацияның egov.kz сайтынан немесе ХҚО-ның жергілікті филиалдарының бірінен біле аласыз.   

  1. Қайырлы күн. Мен 25 жыл бойы кенші болып еңбек еттім. 55 жасымда зейнеткерлікке шықсам деп едім. Аннуитетті пайдалана отырып, мерзімінен бұрын зейнетке шығудың жолын айтып берсеңіз екен.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 59-бабына сәйкес 55 жасқа толған ерлер, биыл 51,5 жасқа толған әйелдер және өздері үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде күнтізбелік 60 ай (5 жыл) төленген 50 жасқа толған адамдар (ерлер мен әйелдер) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарын өздері таңдаған сақтандыру ұйымына аудару арқылы мерзімінен бұрын алуға құқылы. Бірақ бұл үшін Қордағы жинақ ақша ай сайын кемінде ең төмен зейнетақы мөлшерiнде зейнетақы төлеп тұруға жеткілікті болуы тиіс. Бұл ретте зейнетақы аннуитеті шарты әйелдер: 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 50,5 жасқа; 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 51 жасқа; 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 51,5 жасқа; 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 52 жасқа; 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 52,5 жасқа; 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 53 жасқа; 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 53,5 жасқа; 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 54 жасқа; 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 54,5 жасқа; 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 55 жасқа толғанда жүргізіледі.

Зейнетақы аннуитеті шартын жасасу мақсатында жеткілікті зейнетақы жинақтарын есептеу үшін біздің сайттағы «Зейнетақы калькуляторын» пайдалануыңызға болады.

Зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйымдарына аудару салымшының Қор кеңсесіне тікелей өзі келуі немесе сенім білдірілген тұлға арқылы (бұл жағдайда сенім білдірілген тұлға құжаттарды Қор кеңсесіне тікелей өзі әкелуі тиіс) жүзеге асырылады. Құжаттардың тізімі Қор сайтында «Қызметтер»-«Салымшылар»-«Зейнетақы жинақтары сақтандыру ұйымына қалай аударылады» бөлімінде орналасқан.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құжаттарды алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде алушының зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударады.

 

  1. Саламатсыз ба, бұдан екі жыл бұрын жұбайым екеуміз ұлымыздың неке тойына деп банктен несие алған едік. Алайда қазір қаржы жағынан қиналып отырмыз. Сұрайын дегенім, БЖЗҚ-дағы жинақтарымыздың бір бөлігін несиені өтеуге пайдалансақ болады ма?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын несиені өтеуге пайдалану мүмкін емес. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес жеке тұлғалардың зейнетақы активтеріне деген құқығы заттық құқық санатына жатады және Заңда белгіленген мақсатқа ғана, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға қолданылуы мүмкін.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері зейнет жасына толған азаматтарға (ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге биыл 59,5 жасқа толғанда) төленеді.

Оларға қоса мүгедектігі бар жандар I немесе II топтағы мүгедектігінің мерзімсіз, яғни, өмір бойына тағайындалу уақытына қарай Қордағы жинақтары есебінен зейнетақы төлемдерін ала алады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, кету дерегін растайтын құжаттар ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен қалыптасқан зейнетақы жинақтарын толық көлемде алуға құқығы бар.

Әйелдерге жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау: 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 58,5 жасқа толғанда; 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59 жасқа толғанда; 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59,5 жасқа толғанда; 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60 жасқа толғанда; 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60,5 жасқа толғанда; 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61 жасқа толғанда; 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61,5 жасқа толғанда; 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62 жасқа толғанда; 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62,5 жасқа толғанда; 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 63 жасқа толғанда жүргізіледі.

Заңға сәйкес Қордағы зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымдары арқылы мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік бар. Яғни, 55 жасқа толған ерлер, биыл 51,5 жасқа толған әйелдер және өздері үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде күнтізбелік 60 ай (5 жыл) төленген 50 жасқа толған адамдар (ерлер мен әйелдер) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарын өздері таңдаған сақтандыру ұйымына аудару арқылы мерзімінен бұрын алуға құқылы. Бірақ бұл үшін Қордағы жинақ ақша ай сайын кемінде ең төмен зейнетақы мөлшерiнде (2020 жылы ол – 38 636 теңге) зейнетақы төлеп тұруға жеткілікті болуы тиіс.

 

  1. Қайырлы күн, мен зейнетақы шотымнан үзінді көшірмені БЖЗҚ сайтының жеке кабинетінен алып тұратынмын. Бірақ соңғы бірнеше айда жеке кабинетке кірмеген соң, паролімді ұмытып қалдым. Не істеймін, тағы да Қордың бөлімшесіне баруым керек пе?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының www.enpf.kz сайтының «Жеке кабинет» бөліміне кіру үшін жеке сәйкестендіру нөмірі мен құпиясөз (пароль) керек. Егер пароліңізді ұмытып қалсаңыз, онда қайта тіркеуден өтуіңіз қажет болады. Бұл үшін Қор сайтының «Жеке кабинет» бөліміне кіріп, «Пароль ауыстыру» батырмасын басып, барлық жолақтарды толтырыңыз. Сөйтіп, Қордың дерекқорында тіркелген электрондық мекенжайыңызды немесе ұялы телефоныңызды көрсетіп, «Жіберу» түймешігін басыңыз.  

Енгізілген деректер жеке зейнетақы шотын ашу жөніндегі өтініште немесе хабарлау тәсілін өзгерту (белгілеу) туралы келісімде көрсетілген деректермен сәйкес болуы керектігін ұмытпаған жөн. Сондықтан Қорға тек маңызды және дұрыс деректерді ұсыну қажет. Көрсетілген электрондық мекенжайыңызға немесе ұялы телефоныңызға SMS арқылы келіп түскен бір реттік парольды алған соң, «Бір реттік пароль енгізу» батырмасын пайдаланыңыз. Яғни, бір реттік парольды енгізіп, жаңа пароліңізді тіркеңіз. Сөйтіп үзінді көшірмеге қол жеткізе аласыз.  

 

  1. Қайырлы күн! 2005-2006 жылдары менің жұмыс берушім зейнетақы қорына жарна ретінде менің жалақымның көлеміне сәйкес келмейтін ең аз соманы аударып отырған екен. Бұл туралы менің бұрынғы әріптесім айтты. Менің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысып келе жатқаныма 15 жылдан асты. Осы жылдар бойынша толық үзінді көшірмені қалай алуға болады?

Сіздің басқа зейнетақы қорларындағы зейнетақы жинақтарыңыз бойынша тарихи мәліметтерді алу үшін Бірыңғай жиинақтаушы зейнетақы қорының жергілікті филиалына жеке басыңызды куәландыратын құжатпен барып, өтініш беруіңіз керек. БЖЗҚ филиалдарының мекенжайы мен байланыс телефондарын Қор сайтының «Байланыстар» бөлімінде немесе 1418 тегін телефон нөміріне хабарласу арқылы алуға болады.

 

  

 

 
 
 
 

Басшы блогы

Жүнісбеков Нұрбол Әбдімажитұлы

Байланысу

Басқарма басшысының орынбасары – Мұқанов Бекболат Қабылханұлы

45-86-18

Басқарма басшысының орынбасары –

Жолдасбеков Нұржан Қырықбайұлы

43-00-69

Азаматтарды қабылдау Салықбаева Қарлығаш Әшірбайқызы

45-31-69

Сенім телефоны

9.00-19.00 дейін, 51-71-95

Адрес:Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі 72

Индекс 080000

Сенім телефондары