Облыс әкімдігінің спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Г.Т.Қайнарбековтың басқарманың 2015 жылы атқарған жұмысы туралы есебі Тараз қаласы 20 қаңтар 2016 жыл

Қадірменді әріптестер!

Бұқаралық спортты дамытудың ең басты мақсаты Қазақстан Республикасы Президентінің жасампаз Жолдауы мақсаттарын орындау, саламатты өмір салтын кеңінен насихаттау, сонымен қатар, жергілікті тұрғындар, оның жастар арасында бұқаралық спортты барынша дамытуға ықпал ету және дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту болып табылады.

         Оның ішінде бұқаралық спортты дамыту мәселесі ұлт денсаулығын жақсартуға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналып, барша қоғам алдына межелі міндеттер жүктеп отыр.

Жалпы, өткен жылғы жұмыстарымыздың ең басты бағыттарының бірі, ел ертеңі жастарымыздың жан-жақты білімді, рухани бай, ұлттық салт-дәстүрлерімізге адалдығын бойына сіңіруге арналды.

Осындай ұлтжандылық қасиеттер арқылы, олардың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға басымдықтар беруге ықпал ету назарда болды.

Ол үшін жастардың бос уақытын тиімді өткізудің маңызы артты.

Бұл бағытта Жамбыл облысында жоспарлы және мақсатты жұмыстар жүргізілуде.

Есепті кезеңге өңірде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 25,5 пайызға көтеріліп, 282,3 мың адамға жетіп отыр. 2014 жылмен салыстырғанда (255,5 мың адам) 1,2 пайызға немесе 26,8 мың адамға өскен.

Соның ішінде 30,2 пайызы немесе 60,0 мың адам мектеп жасындағы балаларды құрайды (жалпы саны 199,2 мың адам).

Бүгінде облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдардың саны 33577 адамды құрайды, ал спортпен жүйелі түрде шұғылданатын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жалпы саны 707 адам немесе 2,1%.

Бүгінде бұқаралық спорт жұмыстарына тың серпін беру мақсатында қолға алынған ауылдық округтердегі арнайы білімі бар әдіскер-нұсқаушы бірліктері енгізіліп, қазіргі таңда 101 әдіскер-нұсқаушы  жұмыс атқаруда. Бұл өз кезегінде ауылдарда бұқаралық спорттың дамуына ықпалын тигізіп отыр.

Облыста спортты, оның ішінде бұқаралық спортты өркендетуге  бағытталған 2011 - 2015 жылдарға арналған аймақтарды дамытуға арналған бағдарлама іске асырылды.

Бүгінгі таңда осы бағдарлама шеңберінде өңірде спортты дамыту мақсатында жаңа спорт нысандары бой көтеріп, халық игілігіне берілуде.

Бағдарлама аясында ел ертеңі жастарымыздың спортпен айналысуына мол мүмкіндіктер жасалуда. Жалпы, спорттың бұқаралығының маңызын арттыру мәселесін – спорттық базалардың қолжетімділігінен бөле қарауға болмайды.

Өйткені, спорт нысандары – бұқаралық спортты дамытудың кепілі екендігі белгілі.

Сондықтан да, бүгінгі қоғамда бұқаралық спортты өркендету – тө­тенше маңызға ие болған көкейкесті мә­се­ле.

Соңғы жылдары өңірде спорт нысандарының қолжетімділігі үлкен қарқынмен өсіп келеді.

Бұқаралық спорт мәселесі ешуақытта күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан да, бүгінгі таңда Тараз қаласы мен аудандарда бұл бағытта кешенді жұмыстар атқарылғанымен, назар аударатын тұстар да жоқ емес.

Өткен жылдың өзінде Мойынқұм, Жуалы аудандарында спорт зал  кешендері, Тараз қаласында №3 олимпиада жеткіншектерін даярлайтын спорт мектебіне арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, Тараз қаласында шағын футбол, баскетбол және волейбол ойындарына арналған жасанды төсенішпен қоршалған - 3, Қаратау қаласында - 2 спорт алаңшасы жергілікті тұрғындардың игілігіне берілді.

Сондай-ақ, басқарма өткен жылғы есебінде өндіріс орындарында спорт кешендерін ашуды және жұмысшы жастарды спортқа тарту мәселесін орынды көтерген болатын.

Нәтижесінде 2015 жылы «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан спорт кешені пайдалануға берілді.

Мұнда 600 жұмысшы және 150-ге жуық жасөспірімдер спортпен тұрақты шұғылдануда.

2015 жылы облыстың спорт саласының дамуына – 6,35 млрд. теңге бөлінді.

Бұл қаржылық көрсеткішті 2014 жылмен (5,67 млрд.тенге) салыстырғанда 12,0 пайызға артқан.

Ал, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан спорттық іс-шараларға 2014 жылы 90,6 млн. теңге бөлінсе, 2015 жылы бұл мақсаттарға 97,6 млн. теңге бөлінді, немесе бұл көрсеткіштің 7,0 млн. теңгеге артқанын көруге болады.

 Сонымен қатар, саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға есепті жылы 838,0 млн. теңге қаралған болатын.

Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында облыс орталығындағы Атшабар мен Орталық стадионға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жалпы, бүгінгі таңға облыс бойынша тұрғындардың спортпен жүйелі түрде шұғылдану үшін қолжетімді 440 спорт нысаны анықталып отыр. Оның 73-і Тараз қаласында, 367-і аудандарда орналасқан.

Соңғы жылдары спорт нысандарында тұрғындардың, оның ішінде жастар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты шұғылдануы үшін арнайы кестелер жасалып, оны жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау тәжірибесі орнықты.

2015 жылдың 31 желтоқсанына аудандар мен Тараз қаласындағы спорт нысандарының саны 2013 құрады.  

Олардың қатарында 19 стадион, 665 футбол алаңы, 548 спорт залы, 662 спорт алаңшалары және 119 басқа да нысандар бар.

 

Құрметті әріптестер!

Бұқаралық спортты дамытудың басты тетігі – бұқаралық спорттың тынысын ашып, бұқаралық сипаттағы жарыстар өткізумен өлшенеді.

Жамбыл облысы тұрғындары арасындағы бұқаралық спорттық шаралар «Нұр Отан» партиясының филиалдарымен, жастар қоғамдық бірлестіктерімен және саламатты өмір салтын қалыптастыру орталықтарымен бірлесе іске асыру тәжірибесі орнықты.

Қоғамдық ұйымдармен арадағы тығыз әріптестік байланыс алдағы уақытта облыста спорттың бұқаралығын арттыруға өз ықпалын тигізе береріне сенімім мол.

Өткен жылы Тәуелсіз еліміз үшін, оның спорт сүйер халқы үшін де айрықша айтулы даталарға толы жыл болды.

Бұл айтулы күндер тізбесі – өңірде бұқаралық спорт бәсекелерін белсенді түрде өткізуге оң ықпал етті.

Жалпы, есепті жылы басқарма тарапынан 2614 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 540 мың адам тартылды.

Өткен жылдың басынан Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған ұлттық ат спорты ойындары – көкпар және аударыспақтан жастар арасында облыс чемпионаты, Қазақстан Республикасы Президенті жүлдесіне арналған қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне ауылдық, аудандық, облыстық іріктеу жарыстары, Қазақ хандығының 550 жылдығына мектеп оқушылары арасында Мектеп Лигасы, Ата Заңымыздың және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерекелеріне арналған студент-жастар арасындағы спартакиада ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, «Алтын сақа» облыстық турнирі, өндіріс орындарында қызмет ететін жұмысшы жастар арасында спорттың бұқаралық түрлерінен республикалық спартакиада және тағы басқа көптеген салалық қызметкерлер арасында бұқаралық сипаттағы жарыстар өткізілді.

Сонымен қатар, өңірде тұнғыш рет Аула ойындары  өткізілді. Бұл біздің өткен жылы қолға алған бұқаралық сипатқа ие болған айрықша спорттық жобамыз болды.

 

Аула ойындары қалашық, ләңгі және арқан тарту жарыстарынан жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында 3 кезең бойынша өткізілді: I кезең – аула, көше деңгейінде, II  кезең – аудан, қала деңгейінде, III  кезең – облыс деңгейіндегі жеңімпаздары анықталды.

Аула ойындарына барлығы 8500 адам қатысты.

Сонымен қатар, өткен жылдың қазан айында Шымкент қаласында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тестілерінен Қазақстан Республикасы чемпионаты өтті.

Жауапты жарыс қорытындысы бойынша Жамбыл облысы жалпы командалық есепте V орынға ие болды.

Жалпы, бұқаралық сипаттағы бұл жарыс Тараз қаласы мен аудандардың спорт саласын дамыта түсуге үлкен нәтиже берді. Өйткені жарыста 5 жас тобы (9 жастан бастап 60 жасқа және одан үлкен) жастары қатысты.

Жарыстын нәтижесі бойынша жақсы дайындықты көрсеткен Қордай ауданы 1 орын,Байзақ орын 2 орын, Шу ауданы 3 орынға ие болды.

Өкінішке орай, Талас, Сарысу аудандары және Тараз қаласының құрама командалары толық құрамда қатысуға ниет білдірмей, соңғы орынды қанағат тұтты.

Осығын орай, Елбасының тестілерінен маңыздылығын ескере отырып, Сіздерден аталған тестілерге командалардың алдағы дайындығын аса назарда ұстауларыңызды сұранамын.

Сонымен қатар, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Тараз-Арена» спорт сарайында Польша, Ресей, Грузия, Қырғызстан, Монғолия, Түркия, Өзбекстан, Қазақстан құрама қомандаларының қатысуымен қазақ күресінен 3-ші рет «Еуразия Барысы» халықаралық турнирі жоғарғы деңгейде өткізіліп, аталған турнирде ел палуандары жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ, Испания, Венесуелла, Египет және Қазақстан құрама командаларының қатысуымен волейболдан Әлемдік лиганың 1-і кезеңі өткізілді.

Сонымен бірге, жалпыхалықтық мейрам кезінде қайта жаңғыртылған ипподромда ұлттық ат спортынан жарыстар өткізіліп, елімізде тұңғыш рет Поло ойынының тұсаукесері ұйымдастырылды.

Құрметті Ерқанат Нұрбапаұлы!

Облыста бұқаралық спортты дамытудың ең негізігі жолдарының бірі – жоғарғы спорттық жетістіктерді насихаттаумен ерекшеленеді.

Жалпы, өткен жыл облыс спортшылары үшін ерекше табысты жыл болды деп есептеймін. Біздің спортшыларымыз түрлі жас дейгейіндегі республикалық және халықаралық спорттық бәсекелерде жоғарғы спорттық көрсеткіштерге қол жеткізді.

Дзюдодан қазақ жастары арасында тұғыш мәрте Әлем чемпионы атағын жеңіп алған талантты жерлесіміз Елдос Сметовтың есімі ұлт спортының тарихиына алтын әріппен жазылды.

         Облыс споршылары өткен жылы түрлі әлемдік және халықаралық байрақты бәсекелерде 1128 медальға ие болды.

Оның ішінде, Әлем, Азия чемпионаттары мен Кубоктарында 111 медаль, (52-алтын, 31-күміс, 28-қола), халықаралық турнирлерде 194 медаль (59-алтын, 52-күміс, 83-қола) және Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 823 медаль (347-алтын, 173-күміс, 303-қола) иеленіп, жылды өте табысты аяқтады.

2014-2015 жылғы маусымдағы Ұлттық лига командалары арасында «Тараз» волейбол командасы тұңғыш рет Қазақстан Республикасының  ХХІІІ чемпионатының  жеңімпазы және Қазақстан Республикасының Супер Кубогының иегері атанды.

 

Сондай-ақ, өткен жылы «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде Бейбіт Ыстыбаев екі дүркін «Қазақстан Барысы» атанып, жасампаз Жамбыл спортының атын биікке көтерді.

Ал, паралимпиалық спортшылар арасындағы Шотландияда өткен Әлем чемпионатында Зульфия Габидуллина биылғы жылы Рио-Де-Жанейрода жалауын көтеретін Паралимпиялық ойындарына қатысуға жолдаманы  ұтып алды. Және ол Сочиде өткен ампутанттармен арбадағылардың Бүкіләлемдік ойындарындан 4 алтын медальмен оралды.

Сондай-ақ, ампутанттармен арбадағылардың арасынан Бүкіләлемдік ойындарында тағы бір дарынды жерлесіміз паратаэквондодан Өмірәлі Нышан жеңімпаз атанды.

Сонымен қатар, бокстан Азия чемпионатында Олжас Сәттібаев бірінші орынды, ал Гузалия Гафурова ересектер арасында күміс жүлдеге, бокстан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында Хуршедшох Искандаров жүлделі 2 орынға көтерілді.

2015 жылы армреслингтен Антонина Лисянская мен Зайр Ахмедов Әлем чемпионатында 1-орынды иеленсе, Татьяна Верина мен Владимир Матченко 2-орынға шықса, бокстан әскерилер арасындағы Бүкіләлемдік ойындарда Асланбек Шымбергенов алтыннан алқа тағып, жамбылдық бокс мектебінің бай дәстүрін жалғастырды.

Велоспорттан Дінмұхамед Ұлысбаев – жасөспірімдер арасында Әлем Кубогының бір этапында 4 орынды иеленіп, Қазақстан велоспортының рейтінгісінде 1 орынға орнықты.

Жүзуден жастар арасындағы Азия чемпионатында Әділ Қасқабай 3 алтын медальға ие болды. Нәтижесінде Ұлттық құрама команда қатарына алынды.

Сонымен қатар, өткен жылы ауыр атлетикадан өткен Әлем біріншілігінде іздің олимпиадалық үміткеріміз Жасұлан Қыдырбаев қола,кикбоксингтен Нұрдіпдә Ералиев Әлем чемпионатында  күміс жүлдегер атанды.

Тағы да бір табысты көрсеткішіміз, ол есепті жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған ұлттық спорт түрлерінен ІV-ші республикалық фестивальда Жамбыл облысының құрама командасы асық ату, құсбегіліктен І орынды және сәйгүлік байқауынан ІІ-ші орынды иеленіп, жалпы командалық есепте облыс құрама командасы ІІІ-ші орынға көтерілді.

Оның ішінде, «Әулие-ата» көкпаршылар командасы І-ші орынды жеңіп алып Қазақстанның 8 дүркін және Республикалық фестивальдың  3 дүркін жеңімпазы атанды.

Сондай-ақ, «Айша бибі» су добы клубының споршы қыздары Ресейдің ашық чемпионатында 6 орныға шығып, нәтижелі көрсеткішке қол жеткізді.

Бүгінгі есепті жиында облыстың осындай табысты  көрсеткіштерге қол жеткізуінде Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушылар Ғалымжан Джылгельдиевтың, Дулат Құсбековтың, сонымен қатар кикбоксингтен аға жаттықтырушы Сәбит Үсіповтың және «Тараз» волейбол клубының бас жаттықтырушысы Бекша Виктор Ивановичтің еңбектерін айрықша атап өткім келеді.

Дегенмен, бұл арада басқа да біздің айтулы жаттықтырушыларымыздан алдағы жылы да жаңа спорттық жетістіктер күтеміз.

Жалпы, осындай жоғарғы спорттық нәтиже көрсеткен спортшыларымыздың жетістіктерін жаңа буын жас спортшылар арасында кеңінен насихаттауды біз алдымызға мақсат тұттып отырмыз.

Бұл арада біз үкіметтік емес ұйымдармен, жастар қоғамдық бірлестіктер арқылы насихат жұмыстарын қолға алуымыз керек. Өйткені, бүгінгі таңда азаматтық қоғам институттарына көрсетіліп орырған мемлекеттік қолдаудың - гранттардың берер мүмкіндіктері мол.

Сондықтан алдағы уақытта облыстық, Тараз қалалық, және аудандық әкімдіктер арқылы гранттар бөлу жұмысын қолға алуымыз керек. Бұл тарапта, облыс әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасы алдағы уақытта бюджеттен қаржы бөлу мәселесімен шығатын болады.  Осы жұмыстар нәтижесі арқылы біз аса жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген спортшыларымызды көпшілікке, оның ішінде жастарға жақынырақ таныстырып, өңірде бұқаралық спорттың өркендеуіне тың серпін беріп, жаңа жолдар ашамыз.

Өткен жылы жамбылдық 5 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 21 спортшы спорт шебері нормативін орындады. Ал, 2 жаттықтырушы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағына ие болды.

Бүгінгі таңда 470 спортшымыз түрлі дейгейдегі Ұлттық құрама командаларға мүше болып отыр.

Оның ішінде, 206 спортшы ұлттық құрама, 199 спортшы жастар құрамасы және 65 спортшы жасөспірімдер құрамасы сапында ел абыройын халықаралық спорт бәсекелерінде асқақтатып келеді.

Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 143 артып отыр (ұлттық құрамада 77 спортшы, жастар құрамасында 119 спортшы, жасөспірімдер құрамасында 131 спортшы болған).

Сонымен қатар, есепті жылы 11 оқытушы-жаттықтырушы және 1 әдіскер білімдерін көтеріп, біліктіктілігін арттырды.

Өткен жылы спорт мекемелеріндегі 1156 спортшы әр деңгейдегі халықаралық жарыстарға, 3206 спортшы республикалық деңгейдегі және 9421 спортшы облыстық деңгейдегі жарыстарға қатысты.

Ауылдық жерлердегі спорт мектептерінің жұмысын бағалап, ондағы талантты жас спортшыларды іріктеу мақсатында спорттың 11 түрінен ауыл жасөспірімдері спартакиадасы ұйымдастырылып, оған барлығы 914 жасөспірім қатысты.

Өткен жылғы ауыл жасөспірімдері спартакиадасының жалпы қорытындысы бойынша 1-ші орынды Т.Рысқұлов ауданы, 2-ші орынды Меркі ауданы, 3-ші орынды Жуалы ауданы иеленді.

Ал, Мойынқұм, Талас және Сарысу аудандарының спорттық көрсеткіштерінің төмен екендігін ашып айту керек.

Дегенмен, облыста әлі де болса өз жұмыстарына салғырт қарайтын спорттық жоғары нәтиже бермейтін, спорт мектептерінің бар екені жасырын емес.

Сондай, көрсеткіштері төмен аудандық спорт мектептерін атап өтетін болсақ, олардың қатарына Қордай ауданындағы №2, Сарысу ауданындағы №24 және Талас ауданы Бостандық ауылындағы №28 балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін жатқызуға болады. Ең өкініштісі олар республика чемпионаттары мен біріншіліктерінде бірде-бір медальға ие бола алмады.

Бұл спорт ұжымдарының басшыларына алдағы уақытта белсенді жұмыс жүргізу керек екендігін ескертемін.

Спорт федерацияларын аккредиттеу қағидаларына сәйкес 46 спорт федерациялары аккредиттеуден  өткізілді (32-і жергілікті спорт федерациялары, 14-і республикалық спорт федерацияларының филиалдары).

Сондықтан да, федерациялар ендігі кезеңдерде өздеріне берілген мүмкіндіктерді кеңінен пайдалана отырып, қызмет жасаулары керек.

 

Құрметті Ерқанат Нұрбапаұлы!

Құрметті әріптестер!

Спорт саласындағы оң өзгерістермен қатар, назар аударатын өзекті мәселелер де жоқ емес.

Аудандар тарапынан спорттық іс-шараларға қатысуы өз дәрежесінде қамтамасыз етілмейді.

Атап айтқанда, облыста өткізілетін спартакиадалар мен басқа да спорттық жарыстарға аудандардың атүсті қарап, дайындықсыз келуі жиі кездеседі.

Мысалы, облыстық Аула ойындарына қатысқан аудан  спортшылары қалашық ойынының ережелерін мүлдем білмейді.

Сонымен қатар, спорттық іс-шараларға аудан құрама командасы сапында жарыс ережесіне сай емес спортшылардың тартылуы жиі кездесті.

Аудан әкімдерінің орынбасарларынан осындай орынсыз олқылықтарға жол бермеуін сұранамын және де осындай бұқаралық маңызға ие шараларды тікелей өз бақылауларына  алулары қажет деп есептеймін.

Құрметті көпшілік!

Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Ел өміріндегі мәні жоғары бұл мерейтой шараларының аясында көптеген спорттық жарыстар өткізу көзделіп отыр.

Құрметті есепті жиналысқа қатысушылар!

Міне, осындай өзекті жағдайларды ескере отырып, басқарма алдағы уақытта облыстың спорт мекемелері арасында атқарылатын бірқатар маңызды міндеттер жүктегелі отыр. Олардың қатарында:

-              Рио-де-Жанейро қаласында өтетін ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын үміткер-спортшыларқатарын арттыруға және жаттықтырушыларға олимпиада ойындары алдындағы өтетін дайындық циклына аса үлкен жауапкершілікпен қарау тапсырылады;

-              бұл арада спорт мекемелері мен бас жаттықтырушыларға түрлі спорт федерацияларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау міндеті жүктеледі;

-              спорт түрлері бойынша облыс құрама командаларының бас жаттықтырушылары алдағы жылы атқарған жұмыстары жайлы міндетті түрде есеп беретін болады. Басқарма бас жаттықтырушылардың спорттық көрсеткіштерінің индикаторларын белгілейтін болады және сол индикаторлық көрсеткіштер бойынша жұмыстарын бағалайды. Бұл уақыт талабы. Ал, жаңадан сайланатын бас жаттықтырушылар міндетті түрде өзінің нақты  бағдарламасымен шығатын болады;

-              спорттың бұқаралық түрлері қатарын көбейту және бұл бағыттарда бұқаралық жарыстар өткізуге үлкен мән берілетін болады;

-              алдағы өткізілетін Аула ойындарының форматында ойынның басқада түрлерін енгізу қарастырылатын болады;

-              спорт мектептеріне жастар мен жасөспірімдерді барынша көп тартуда жаңа форматтағы насихат шараларын қолға алу жүктеледі. «Ашық есік» күнін формалды түрде емес, нағыз спорт мерекесіне айналдыру қажет;

-              спорт нысандарына тұрғындардың, оның ішінде жастардың қолжетімділігін арттыруға баса назар аудару керек;

-              халық көп орналасқан аумақтарда шығынды аз қажет ететін спорттық қарапайым алаңшалар (ашық алаңдарға арналған тренажерлар, стритворкаут құралдары, теннис стөлдері және т.б.) қамтамасыз ету көзделуде;

-              ауылдық округтегі әдіскер-нұсқаушылардың ауыл жастарын спортқа тартудағы жұмыстарын жандандыру;

-              ұйымдар, кәсіпорындар мен мекемелер қызметкерлерінің жүйелі түрде спортпен айналысу жұмыстарын жандандыру.

Өйткені, бұл мақсатты міндеттерді іске асыру арқылы біз спортты, оның ішінде бұқаралық спортты – мемлекеттік брендке айналуына үлкен ықпал етеріміз ақиқат!

Құрметті әріптестер!

Көріп отырсыздар облыстың, Тараз қалалық және аудандық спорт бөлімдері мен спорт мекемелерін осындай маңызы зорнақты міндеттер тұр.

Ең бастысы – спорт саласы мекемелерінің басшылары мен қызметкерлерін алдында тұрған үлкен жауапты сында, оның ішінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың елімізде 2020 жылға спортпен айналысушылар қатарын 30 пайызға жеткізу талаптарын орындауға шақырамын.

Сондықтан, басқарма алдағы уақытта да өңір спортын, оның ішінде бұқаралық спортты барынша дамыту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, өз жұмысын жоспарлы жүргізеді .

Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

   Назарларыңызға рахмет.

Comments are closed.