Жолдау

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2017 жылғы 31 қаңтар 

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»

Құрметті қазақстандықтар!

Мен Қазақстан халқына жаңа дәуір қарсаңында сөз арнап отырмын.

Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтті. Біз елімізді мақтан тұтамыз. Табыстарымыз бен жетістіктеріміз туралы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойында атап өттік. Оларды бүкіл әлем біледі және жоғары бағалайды.

2017 жылдың басынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болды.

Биыл Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Мұндай өте маңызды әлемдік деңгейдегі іс-шараны біз ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып өткіземіз.

Алматыда Универсиада-2017 спорт ойындары өтіп жатыр.  Оған 57 мемлекеттен 2 мыңнан астам  спортшы мен делегация мүшелері қатысуда.

Осының барлығы Қазақстанның халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын және саясатымыздың дұрыстығын көрсетеді.

Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс. Біз осы мақсатқа қарай табандылықпен ілгерілей береміз.

Жаһандық бәсекелестіктің өсуі және әлемдегі тұрақсыздық жағдайында, 2012 жылы халқыма ұсынған «Қазақстан-2050» стратегиясының өзектілігі арта түседі. Біз қиындықтарды уақтылы болжай алдық.

«Нұрлы жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нәтижесінде осынау қиын, жаһандық трансформацияның алғашқы кезеңінен лайықты өтіп келеміз. Тек 2014-2016 жылдар аралығында біз экономиканы қолдауға қосымша 1,7 триллион теңге жұмсадық. Мұның барлығы экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, 2016 жылы біз ішкі жалпы өнімнің 1% өсімін қамтамасыз еттік. Бұл қазіргі күрделі жағдайда айтарлықтай маңызды.

Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді.

Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз.

Қымбатты отандастар!

Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді.

Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды.

Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік.

Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет.

Қазіргі кезде көптеген елдер осындай міндетті орындауға ұмтылуда. Өсімнің жаңа моделіне көшу тәсілі әр жерде әр түрлі екеніне сенімдімін. Біз өзіміздің мықты тұстарымызды пайдаланып, Тәуелсіздігіміздің 25 жылында бірге қалыптастырған әлеуетімізді жоғалтып алмауымыз керек қой.

Қазақстанның Бірінші жаңғыруы бәріміздің есімізде. 25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан шығып, өз жолымызды қалай бастағанымыз жадымызда тұр. Сол кезде біздің буын іргетасынан бастап қолға алып, әлем картасында болмаған жаңа мемлекет құрды.

Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жүзеге асырылды. Біздің бәріміз бірлесіп, сол кезде елімізді күйреуге, азамат соғысына, экономикалық күйзеліске ұшыратпағанымыз мен үшін өте маңызды. Қазақстан бұл кезеңде аз шығын шығарып, зор жетістіктерге қол жеткізді.

Екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда – Астананың салынумен басталды. Оның нәтижелі болғаны дау тудырмайды. Еліміз экономикалық тұрғыдан артта қалған аймақтан шығып, әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кірді.

Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз.

Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі.

Мен оның бес негізгі басымдығын көріп отырмын. Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған.

Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы.

Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет.

Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты.

Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын.

Біздің заңнамамызды жаңа жағдайға бейімдеу керек.

Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді. Сондықтан Үкімет ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс.

Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу болып саналады.

Үкіметке «ЭКСПО-2017» нысандарының бірінің базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құруды тапсырамын. Ол әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасы болуға тиіс. Бұл үшін тиісті инфрақұрылым және салық жеңілдіктерін, оңайлатылған виза мен еңбек режімін қоса алғанда, қолайлы жағдай керек.

Біз жоғары оқу орындары, Назарбаев Университеті және «Алатау» иннновациялық технологиялар паркі базасында өзіміздің ғылыми және инновациялық әлеуетімізді дамытуымыз керек.

Екінші кешенді міндет. Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беруіміз керек.

Бұл – өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалар.

Бірінші. Еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру керек.

Бұл жердегі негізгі фактор Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу болуға тиіс.

Бұл – автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер.

Үкіметке бизнес өкілдерімен бірге 2025 жылға дейін базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырамын.

Екінші. Басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру керек.

Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұр.

Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомстоваға шоғырландыру қажет. Экспорттаушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша өңірлерде де қолдау көрсету керек.

Үкімет жанынан Экспорт саясаты жөніндегі кеңес құруды тапсырамын. Оған бизнес қоғамдастығының өкілдері кіруге тиіс.

Биылғы 1 қыркүйекке дейін Үкімет әкімдермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, Бірыңғай экспорт стретегиясын әзірлеуі керек.

Қазақстан шетел инвестицияларын тарту ісіндегі көшбасшылығын сақтап қалуы қажет. «Астана» халықаралық қаржы орталығы ел экономикасына қаржы ресурстарын тартуда маңызды рөл атқаруға тиіс.

Біз тауар өндіру мен өткізу, қызмет көрсету ісін жаһандық желіге бейімдеуіміз керек. Мұны, ең алдымен, трансұлттық компанияларды тарту арқылы жасаған жөн.

Қазақстанда өндірістер ашу жөніндегі Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру керек. Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Нысандар белгіленді. Нақты жұмыс істеу қажет.

Бұл қазақстандықтар үшін 20 мың жаңа жұмыс орнын ашатын заманауи өндіріс болмақ. Қазір 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба іске қосылды. Соның бірі – гибридтік және толықтай электрлі JAC автомобильдерін ірі құрылғылардан құрастыратын зауыт.

Қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жайын ескеріп, экспортқа бағдарланған электромобиль өндірісін одан әрі дамыту мәселесін пысықтауды тапсырамын.

Тұтастай алғанда, Қазақстанның өз Инвестициялық стратегиясы болуға тиіс. Үкімет оны биылғы 1 қыркүйекке дейін әзірлеуі керек.

Халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық экономикалық мүдделерді қорғап, ілгерілету қажет. Бұл, ең алдымен,  ЕАЭО, ШЫҰ ішінде Жібек жолы Экономикалық белдеуімен ұштасатын жұмыстарға қатысты. Ол үшін экономикалық дипломатия жұмысын қайта құрып, жандандыра түсу қажет.

Үшінші. Экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауға тиіс.

Әлемдік сұраныс бәсеңдеп кеткен кезде жаңа нарықтарға шығып, өнім жеткізу аумағын кеңейту керек. Минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударылуға тиіс. Геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу керек.

Бұл салаларды одан әрі дамыту ісі шикізатты кешенді түрде қайта өңдеуді тереңдете түсумен берік ұштастырылуы тиіс.

Жыл соңына дейін Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдап, салық заңнамаларына қажетті өзгерістер енгізуді тапсырамын.

*****

Төртінші. Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек.

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор.

Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс.

Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз.

Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін  Үкімет пен әкімдерге мынадай тапсырмалар беремін:

біріншіден, субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу қажет;

екіншіден, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек;

үшіншіден, өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру қажет;

төртіншіден, еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендету керек;

бесіншіден, жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет;

алтыншыдан, өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыру керек.

Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырамын.

Бұл міндеттер агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы қажет.

*****

Бесінші. Жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту – маңызды басымдықтардың бірі.

Оған қазірдің өзінде қомақты инвестиция жұмсалды. Енді одан экономикалық қайтарым ала бастау қажет.

Үкіметке 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдың жылдық көлемін:

- контейнерлермен тасымалданатын жүктер үшін 7 есе – 2 миллион контейнерге дейін;

- жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдауды 4 есе – 1,6 миллион транзиттік жолаушыға дейін арттыруды тапсырамын.

Транзиттік тасымалдаудан түсетін табысты 5,5 есе – жылына 4 миллиард долларға дейін көбейту қажет.

2015 жылы мен «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын ұсындым. Өткен 2 жыл ішінде бағдарлама өзін толық ақтады.

Биыл республикалық маңызы бар 4400 шақырым автожол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін соның кем дегенде 600 шақырымы пайдалануға беріліп, кезең-кезеңімен ақылы жүйе енгізіледі.

Еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет. Жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаңғырту ісін қамтамасыз ету керек. Көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін арттыруға және әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше көңіл аудару қажет.

Транскаспий дәлізі бойынша тасымалдау көлемінің ұлғаюына байланысты Құрық портын салудың екінші кезеңі – автомобиль өткелі құрылысын іске асыруға кірісу қажет.

Алтыншы. Урбанизация үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Ол отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс.

Жол, тұрғын үй және басқа да инфрақұрылым құрылысына инвестиция сала отырып, біз қалаларымыздың ұзақ жылдарға дейін сыртқы және технологиялық келбетін айқындайтынымызды ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан құрылысқа да, құрылыс материалдарын өндіру саласына да жаңа технологияларды енгізу керек. Ол үшін бізде қазір жақсы мүмкіндіктер бар.

Менің тапсырмам бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Ол аса маңызды міндетті орындауға – алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.

Бағдарламада тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді шаралары көрініс тапқан. Соның бірі – «Даму» акционерлік қоғамы арқылы мемлекеттің субсидия беруі есебінен құрылыс салушылар үшін банк несиесін арзандату. Тұрғындар үшін «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы банктер беретін ипотекалық несиені субсидиялау жүзеге асырылады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін әкімдіктердің несиелік тұрғын үй салуы жалғасады. Оған ілгеріде бөлінген қаржы «револьвер» қағидаты  бойынша қайта пайдаланылады.

Әкімдіктер халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй бөлу ісін дамыта беретін болады. Жаппай тұрғын үй құрылысы үшін әкімдер тиісті жер телімдерін бөлуге тиіс.

Біз қалаларда жеке тұрғын үйлердің бірыңғай сәулет стилінде салынуына мән беретін боламыз. Бұл үшін мемлекет қажетті инфрақұрылым тұрғысынан көмек көрсетеді.

Үкімет әкімдермен бірлесіп, үлкен қалалардың іргелес орналасқан елді мекендермен көлік байланысын дамыту жөнінде шаралар қабылдауы қажет.

Үшінші кешенді міндет – еңбек нарығын жаңғырту.

Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалатын болады. Сонымен бірге, жаңа индустрия құрып, дамыту жұмыспен қамтудың және азаматтардың нақты табысын өсірудің қосымша мүмкіндігі болуға тиіс.

Үкімет пен әкімдерге еңбеккерлердің басқа салаларға басқару аясында ауысуы үшін жағдай жасауды тапсырамын.

Біздің ірі кәсіпорындар әкімдіктермен бірлесе отырып, тиісті жол карталарын әзірлеуі керек. Онда қысқартылатын жұмысшыларды қайта даярлау, оларды әрі қарай жұмыспен қамту үшін бірлесіп инвестиция салу жайы қарастырылуы қажет. Басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керек.

Үкімет жұмыспен қамту орталықтарын реформалап, барлық бос жұмыс орындары мен бүкіл елді мекендерде бірыңғай онлайн платформа қалыптастыруы қажет.

Екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту.

Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету.

Бұл – өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады. Оны орындау үшін қазіргі кезеңде мынадай қадамдар жасалуы қажет.

Бірінші. Менің тапсырмам бойынша Үкімет биылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті.

Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады.

Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек.

Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс.

Жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны – бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі болмақ.

Екінші. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен (ҰКП) бірлесіп, бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бұл әсіресе энергетика, көлік және логистика, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы қызмет көрсету құнына қатысты.

Мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісі мейлінше оңтайландырылуға тиіс. Құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою керек. Бұл орайда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру керек.

Сондай-ақ, бизнестің қазіргі  қолданыстағы реттеушілік жүктемесі өсімнің жаңа моделін жасау міндетімен үйлеспейді.

Үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу міндетін жүктеймін.

Дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу керек.

Бұл жұмысты әсіресе өңірлік деңгейде атқару маңызды.

Әкімдер Үкіметпен бірлесіп, Дүниежүзілік банк рейтингі негізінде өңірлерде бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсарту жөнінде нақты жоспарлар әзірлеу керек.

Елімізде бизнес жүргізуді жеңілдету жөнінен өңірлер мен қалалар рейтингін енгізу қажет. Біз үздіктер үшін арнаулы сыйлық тағайындаймыз. Оны жылына бір рет, Индустрияландыру күнінде табыс етеміз.

Үшінші. Мемлекеттің экономикадағы үлесін ішкі жалпы өнімнің 15%-ына дейін, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері деңгейіне дейін төмендету экономикалық өсімге тың серпін беруге тиіс.

Бұдан бұрын 2020 жылға дейін жекешелендірілетін 800-ге жуық кәсіпорынды қамтитын тізбе жасалған болатын. Тиісті жұмыстар атқарылуда.

Үкіметке сол тізбедегі кәсіпорындарды жекешелендіруді тездетіп, оны 2018 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын.

Ірі компанияларымызды ІРО-ға дайындау және оған бейімдеу ісін де жеделдету керек. Yellow Pages қағидаттарын енгізу мемлекет үшін экономикадағы қызмет түрлерін 47%-ға (652-ден 346-ға) қысқартуға мүмкіндік берді.

Келесі кезеңде осы қағидаттарға сай келмейтін мемлекет меншігіндегі барлық кәсіпорындар мен ұйымдарды 2020 жылға дейін жеке секторға беру немесе жою қажет. Ал ондай кәсіпорындар саны бірнеше мың болады.

Әрбір бағдарлама немесе тапсырмаға орай заңды тұлғалар құру тәжірибесі бұдан былай  тоқтатылуға тиіс.

Жекешелендірудің жариялылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ мемлекеттік холдингтер рөлін қайта қарастыру керек.

Үкіметке «Самұрық-Қазына» холдингін сапалы түрде трансформациялау ісін жүзеге асыруды тапсырамын.

Басқарушылық және өндірістік бизнес үдерістерін толық ревизия мен  оңтайландырудан өткізу қажет. Нәтижесінде ол тиімділігі жоғары, жинақы және кәсіби холдингке айналуға тиіс. Менеджмент пен корпоративті басқару сапасын халықаралық деңгейге жеткізу керек.

Мемлекетке қандай маңызды секторларда, қатысу үлесінің қандай мөлшерімен және не қалдыратынымызды нақты анықтап алуымыз керек.

Табиғи монополияларды және стратегиялық маңызы бар,  соның ішінде Трансұлттық компаниялар қатысатын жобаларды іске асыру міндетін мемлекетке қалдыру керек. Бұл жобалар мультипликативті нәтиже  беруге тиіс.

«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін де қайта құру қажет. Олар мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру жөніндегі операторлар болуға тиіс. Соған орай олардың функцияларын оңтайландыру керек. Жеке сектор жүзеге асыра алатын нәрсенің барлығы бизнеске берілуі қажет.

Сондай-ақ, оларға бағдарламаларды іске асыру үшін мемлекеттік емес қаржы көздері арқылы қор қалыптастырумен айналысу керек.

Төртінші. Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейту зор мүмкіндік береді. Бұл жерде әңгіме бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсету міндетін бизнеске беру ісіне қатысты болып отыр.

Бізде қазірдің өзінде оларды мектепке дейінгі білім беру ісіне тарту саласында жақсы нәтижелер бар. Өткен 3 жылда мемлекет 40 мың орынға арналған 189 балабақша салса, жекеменшік сектор 100 мың орынға арналған 1300 балабақша ашты. Жекеменшік балабақшалардың ең көбі Оңтүстік Қазақстан (397), Алматы (221), Қызылорда (181) облыстарында ашылды.

Мен үшін осы сектордағы мемлекет-жекеменшік серіктестігінің үлгісі өте маңызды. Бұл аса маңызды жалпыұлттық міндеттердің бірі – 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен 2020 жылға қарай жүз пайыз қамту мәселесін мемлекет пен бизнес бірлесе шешіп отырғанын көрсетеді.

Мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту әкімдердің нақты және кәсіби жұмысына байланысты.

Жекеменшік капитал тарту үшін мемлекет-жекеменшік серіктестігінің ықтимал барлық түрі мен нысанын пайдалану қажет. Олар – мемлекеттік мүлікті сенімді басқару, қызмет көрсету келісімшарттары, тағы басқалар. Бұл ретте келісімнің барлық рәсімдерін, әсіресе шағын жобаларға қатысты рәсімдерді мейлінше жеңілдету және жеделдету қажет.

Мемлекет-жекеменшік серіктестігі инфрақұрылымды, соның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың негізгі тетігіне айналуға тиіс.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту үшін бұдан әрі жекешелендіру мүмкіндігін қарастыра отырып, басқаруға және концессияға беру қажет. Үкімет бір орынды шиырлай беруді  доғарсын. Бұл бағытта жұмысты жандандыра түсу керек.

Бесінші. Баға мен тариф бойынша ымыраласуға жол бермеу қажет.

Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтауға қатысты барлық заңнамаға «ревизия» жасауды тапсырамын.

Үшінші басымдық – макроэкономикалық тұрақтылық.

Мұндағы басты міндет – ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіру және экономиканы қаржыландыруға жекеменшік капитал тарту.

Бірінші. Бүгінде Ұлттық банк алдында инфляциялық таргеттеу режімін дамыту жөніндегі маңызды міндет тұр. Орта мерзім ішінде инфляция деңгейін кезең-кезеңмен 3-4%-ға дейін төмендетуге қол жеткізуіміз керек.

Екінші. Еліміздің қаржы секторын «қайта жаңғырту» қажет.

Ұлттық банкке банк секторын қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын. Банктердің балансын тиімсіз несиелерден арылту жұмысын жеделдетіп, қажет болған жағдайда олардың капиталын акционерлер тарапынан арттыруды қамтамасыз ету керек. Банктердің ахуалына жедел бақылау орнату үшін Ұлттық банкке көбірек құқық берген жөн. Ұлттық банк банктердің қателік жіберуін күтпей, оларға ықпал ететін шаралар қабылдау үшін формальді көзқарастан ықтимал қатерлерге жол бермейтін қадамдарға көшуге тиіс.

Сондай-ақ, аудиторлық компаниялардың жауапкершілігін арттырып, акционерлердің ашықтығын қамтамасыз ету, ұжымдық басқаруды жақсарту қажет. Осының бәрін заңнамалық деңгейде бекіту керек.

Экономикадағы қаражат жетіспеушілігі және несиелер бойынша жоғары мөлшерлеме түйткілдерін шешу мақсатымен Ұлттық банк пен Үкіметке теңге түрінде қолжетімді орта және ұзақ мерзімге арналған қор қалыптастыруды қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын.

Ұлттық банк инфляция ғана емес, сонымен қатар Үкіметпен бірге экономиканың өсуі үшін де жауапты болуға тиіс.

Үшінші. Қор нарығын одан әрі дамыту.

Жекешелендіру оның дамуына серпін беруге тиіс. Мен жоғарыда айтып өткендей, қор нарығына «Самұрық-Қазына» қоры компанияларының акцияларын орналастыру керек. Халықтың жинаған өз қаражатын ең алдымен түрлі бағалы қағаздарға инвестициялау мүмкіндігін одан әрі арттыру қажет.

Біз 2016 жылдың соңында заңдастыру науқанын аяқтадық. Оған еліміздің 140 мыңнан астам азаматы қатысты. Нәтижесінде 5,7 триллион теңге, оның ішінде қаражат түрінде 4,1 триллион теңге заңдастырылды.

Үкіметтің міндеті – бұл қаражаттың экономикаға, соның ішінде жекешелендіруге қатысу арқылы пайда беруін қамтамасыз ету. Сонымен бірге, Қазақстанның жекеменшік кәсіпорындарының облигация шығарылымдарын субсидиялау мәселесін пысықтау қажет.

Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, отандық қор нарығын жандандыруға бағытталған шаралар қабылдауды тапсырамын.

Келесі шешуші міндет – салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеу.

Бірінші. Бюджет шығыстарының тиімділігін түбегейлі арттыру қажет.

Біз 2017 жылы мемлекеттік даму бағдарламаларын қажетті ресурстармен толықтай қамтамасыз еттік. Министрліктер мен ведомстволардың қаражатты игеруінің тиімділігін тексеру қажет.

Республикалық бюджеттің 40%-дан астамын құрайтын Денсаулық сақтау,  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктерінен бастау керек. Оның қорытындысы бойынша маған баяндалсын.

Тиімсіз бағдарламалардың қаражатын Үшінші жаңғырту міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ететін бағдарламаларға қайта бөлу қажет. Сондай-ақ, қаражатты нақты экономикаға неғұрлым тезірек әрі тиімдірек жеткізу үшін бюджеттік рәсімдерді жеңілдеткен жөн.

Біз фискалдық орталықсыздандыру саясатын жалғастыруымыз керек. Өткен жылдарда орталықтан жергілікті жерлерге көптеген функциялар мен өкілеттіктер берілді. Енді олардың жеткілікті қаржылық дербестігін бекемдей түсу қажет. Сонымен бірге, қаржы шығысы жөніндегі өкілеттіктердің облыстық деңгейде шоғырлануына жол бермеу маңызды. Оларды әрі қарай аудандық және ауылдық жерлерге беру керек. Әкімдер өңірлік және жергілікті маңызы бар мәселерді шешуге тиіс, ал Үкімет жалпымемлекеттік мәселелерге ден қоюы қажет.

Екінші. Ұлттық қор қаражатын пайдалануға ұтымдылық тұрғысынан қараған жөн.

Ұлттық қордан алынған кепілдендірілген трансферт көлемі 2020 жылға қарай кезең-кезең бойынша 2 триллион теңгеге қысқартылуға тиіс.

Салық саясатын бизнестің «көлеңкеден» шығуына бейімдеп, шикізаттық емес сектордағы салықтық базаны кеңейтуге бағыттау керек. Қазіргі салық жеңілдіктерін оңтайландыру қажет. Жалпыға ортақ декларациялау қарсаңында арнаулы салық режімін жаңаша қарастыру керек.

Салықтық әкімшілендіру тетіктері жетілдіруді талап етеді. Ең алдымен, мұның қосымша құн салығын жинауға қатысы бар.

Үшінші. Үкімет квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу мен бақылау жасау жүйесін қалыптастырып, онда тәртіп орнату керек.

*****

Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту.

Бірінші. Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет.

Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға,  ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет.

Үкіметке тиісті ұсыныстар беруді тапсырамын.

Атап айтқанда, үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін.

Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды.

2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет.

Мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, әсіресе ауыл мен қалада әртүрлі. Білікті педагогтардың жетіспеу проблемасы да бар. Сондықтан, осының барлығын ескеріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуіміз керек.

Тиісті ұсыныстар беруді тапсырамын.

Менің бастамам бойынша биыл «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады.

Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде, мен айтқандай, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек.

Ол үшін кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуы қажет.

Сонымен қатар, жоғары білім беру жүйесі сапасына ерекше назар аударылады. Жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтілуі қажет.

*****

Екінші. Білім беру жүйесімен қатар денсаулық сақтау жүйесі де өзгеруге тиіс.

Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) енгізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген.

Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек. Бәсекелестікті дамыту үшін жеке меншіктегі медицина мекемелеріне ММСЖ жүйесі аясында тең жағдай туғызу керек.

Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын.

Сондай-ақ, заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізу қажет.

Үшінші. Әлеуметтік қамтамасыз ету саласына қатысты.

Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылады.

Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді.

Осы өсімнің барлығы 2018 жылы базалық зейнетақының жаңа мөлшерін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе арттыруға мүмкіндік береді.

Елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық бала туады, бұл – 1999 жылғы деңгейден 2 есе дерлік жоғары. Мұндай жақсы үрдісті алдағы уақытта да сақтау керек.

Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсіріледі.

Ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастыру керек. Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиіс. Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы, мүгедектерге және асыраушысынан айрылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақы көлемін 3 миллион адам үшін өсіруге мүмкіндік береді.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шегін ең төменгі күнкөріс шегінің 40%-ынан 50%-ға дейін өсіріп, оның жаңа форматын енгізу керек. Бұл ретте жұмыс істеуге қабілетті адамның бәрі тек жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болуға тиіс.

Бесінші басымдық – институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты.

Бірінші. Үкімет үшінші жаңғырту аясында ЭЫДҰ-ның озық тәжірибелері мен ұсынымдарын имплементациялау жұмысын қамтамасыз етуге тиіс.

Екінші. Біз жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүргізудеміз. Бұл жұмысты жалғастыру керек.

Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен және азаматтық қоғамдастықпен бірлесіп,  жеке меншік құқығын қорғауды күшейтуге қатысты бүкіл заңнама ревизиясын жүргізуді тапсырамын.

Сонымен қатар, әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендірген жөн. Әкімшілік айыппұлдар әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәйкес болуға тиіс.

Кәсіпкерлік саласында құқық бұзғаны үшін салынатын санкцияны төмендету жұмысын одан әрі жүргізе беру керек. Қоғамға қауіптілігі жоғары емес экономикалық қылмыс құрамын криминалдық сипаттан арылту керек.

Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажет. Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою маңызды.

Үшінші. Қауіпсіздік ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшеміне айналып келеді.

Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады.

Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек.

Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек.

Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет.

Осы шараның бәрі менің тапсырмам бойынша әзірленіп жатқан, 2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламада ескерілуге тиіс.

Киберқылмыспен күрестің өзектілігі барған сайын арта түсуде.

Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырамын.

Төртінші. Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр.

Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет.

Маңызды мәселенің бірі – сатып алу саласын жетілдіру.

Үкіметке мемлекеттік сатып алу жүйесін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізуді тапсырамын.

Квазимемлекеттік секторда, табиғи монополия және жер қойнауын пайдалану салаларында да сатып алу шараларын өткізу әдістерін түбегейлі қайта қарастыру керек.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс.

Құрметті қазақстандықтар!

Осы Жолдау арқылы еліміздің әр азаматына жаңа жағдайдағы даму бағытымыз жөніндегі өз көзқарасымды жеткізгім келді.

Үкіметке «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын Елді үшінші жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді тапсырамын.

Бізде уақыт талабын лайықты қабыл алып, елімізді одан әрі жаңғырту жөніндегі міндеттерді орындаудан басқа жол жоқ.

Біздің ұлы халқымыз бірегей тарихи мүмкіндікті толықтай пайдалана алатынына сенемін.

Қымбатты достар!

Қазақстан – жас, көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет! Біз тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық даму жолынан өттік. Алдағы 25 жылда бұдан да биік белестер күтіп тұр.

Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз – бірлікте.

Қазақстанды кейінгі ұрпақ үшін бұдан да өсіп-өркендеген елге айналдырамыз!

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2015 жылғы 30 қараша

ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ НАҚТЫ АХУАЛДА:

ӨСІМ, РЕФОРМАЛАР, ДАМУ

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Қымбатты қазақстандықтар!

Құрметті Парламент депутаттары мен 

 Үкімет мүшелері!

Ханымдар мен мырзалар!

 Санаулы күндерден кейін біз азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басамыз.  Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді.

Заманның беталысын өздеріңіз көріп отырсыздар. Аса күрделі, қиын кезеңге аяқ бастық. Жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаһандық ахуал біздің көз алдымызда өзгеруде. Алпауыт елдердің текетіресі мен өзара санкциялар алмасу дүниені тұйыққа қарай бастауда. Біздің басты экспорттық өнімдеріміздің дүниежүзілік нарықтағы бағасы еселеп құлдырады. Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт тезі. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз.

Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек. Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің  қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті  түрде жетеміз. Мен бүгін жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаңа жаһандық нақты ахуалда дамудың басты бағыттарын айқындайтын  Қазақстан халқына Жолдауымды жария етпекпін.

Қымбатты қазақстандықтар!

Құрметті Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері!

Ханымдар мен мырзалар!

Бірнеше күннен кейін тарих ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығының есебін бастайды. Небәрі ширек ғасырда Қазақстан жаһандық шаруашылық байланыстарға қосылған егемен ұлттық экономика және ұлттардың әлемдік отбасының толыққанды қатысушысына айналған мемлекет ретінде қалыптасты. Біз бәріміз бірге көптеген сынақтарға төтеп бердік, шынықтық және нығайдық. Біз өзіміздің бүкіл тарихымызда көз көрмеген табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткіздік. Біздің халқымыз бұған дейін ешқашан бүгінгідей жақсы өмір сүрген емес. Біз көп нәрселерге қол жеткіздік.

Қазір әлем шапшаң қарқынмен өзгеруде. Басқаша дәуір туып келеді. Біздің көз алдымызда өзгеше мүмкіндіктері мен тәуекелдері бар жаңа жаһандық нақты ахуал пайда болуда. Бүгінде Қазақстан экономикасына әлемдік рыноктардағы құлдырау туындатқан бірқатар сыртқы факторлар теріс әсерін тигізуде. Жаһандық дағдарыстардың шығу төркіні біздерге байланысты емес. Жаһандық дағдарыстар ықпалынан ешкім де сақтанып қала алмайды.

І. Жаңа жаһандық нақты ахуалдың сын-қатерлері

Бүгінде бізге де әлем дамуының бүкіл сын-қатерлерін көре білудің маңызы зор.

Біріншіден, қазіргі жаһандық дағдарыс жаппай қамту сипатына ие. Іс жүзінде барлық әлемдік рыноктар – қаржы, көмірсутегі, металдар, азық-түлік және басқа да рыноктар тұрақсыз. Біздің экспорттық өнімдерімізге сұраныстың төмендеуінің негізгі себебі де осында.

Екіншіден, әлемнің барлық экономикаларында да экономикалық өсімнің баяулауы байқалуда. Бүгінде жаһандық ІЖӨ өсімінің үнемі төмендеуі жөніндегі болжамдар ешкімді де таңқалдырмайды. 2011 жылдың күзінен бастап Халықаралық валюта қоры оларды 5-тен 3 пайызға дейін төмендете отырып, болжамдық көрсеткіштерді 6 рет қайта қарады. Және, шамасы, бұл да шек емес сияқты.

Үшіншіден, бүгінде мұнайдан түсетін супертабыстар жоқ.

Төртіншіден, жаһандық экономика саяси факторлардың қысымын сезінуде. Әлем тұрақсыз бола түсті. Жетекші державалар бір-біріне қарсы санкциялар енгізді. Олардың арасындағы сенім күрт төмендеп кетті. Таяу және Орта Шығыс, Солтүстік және Орталық Африка өңіріндегі тұрақсыздық пен дау-жанжалдар кең ауқымды босқындар ағынына апарып соқтырды. Әрбір күн террорлық актілер мен ондаған адамдардың қаза тапқандары туралы хабарлар жеткізуде. Бүгінде халықаралық терроризм әлемге елеулі қатер төндіріп тұр. Бұл тәуелсіз мемлекеттердің ішкі істеріне сыртқы күштердің араласуы жолымен мемлекеттіліктің күйреуінің нәтижесі.

Әлемнің дамуы күштердің әлемдік және өңірлік орталықтарының арасындағы қатаң бәсекелестік аясында жүретін болады. Жаңа жаһандық өмір шындығының сын-қатерлеріне біз өзіміздің нақты мүмкіндіктеріміз негізіндегі біртұтас іс-қимыл стратегиясын қарсы қоюымыз керек.

ІІ. Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкіндіктері

Жаһандық дағдарыс – ол  тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер. Әлемдік ауқымдағы көптеген компаниялар дамудың дағдарыстық кезеңінде сәтті компанияларға айналды. Іс жүзінде соңғы жарты жүзжылдықта табысқа қол жеткізген елдердің бәрі тура мағынасында нөлден бастаған болатын. Біздің Қазақстанның өзі де дағдарыс дәуірінде өмірге келді. Алғашқы онжылдықта – Тәуелсіздіктің қалыптасуының ең қиын кезеңінде – біз негізінен «мұнайсыз» өмір сүрдік. Тәуелсіз Қазақстан әр кезде де сыртқы экономикалық стихияларға кереғар дамып отырды. Біз Тәуелсіздігімізді жариялаған өткен ғасырдың 90-шы жылдарының бірінші жартысы біз үшін қолайлы бола алды ма? Ол уақыттары өндіріс тоқтап, адамдар жұмыссыз және өмір сүруге қажетті қаржысыз қалды. Біз лайықты түрде, әрбір қадам сайын ол дағдарысты еңсере білдік. Біздің еліміз өзгерістердің алғашқы нәтижелерін енді ғана сезіне бастаған сәтте 1997-1998 жылдардағы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қаржы дағдарысы келіп жетті.

Сол уақыттары қабылданған стратегиялық шешімдер мен іс-қимылдар маңызды оң сипатты мәнге ие болды. Ол кең ауқымды жекешелендіру мен біздің экономикамызға көптеген трансұлттық компаниялардың келуі. Сол кезеңде біз жаңа елордамыз – Астананың құрылысын қолға алдық, Каспий құбырлы өткізгіш консорциумы жұмыс істей бастады, «Қазақстан-2030» Стратегиясы бастау алды. 2007-2009 жылдардағы дүниежүзілік қаржы дағдарысы туындаған кезде Ұлттық қор құру туралы шешімнің маңыздылығы мейлінше айқын бола түсті. 20 миллиард доллардай – Қазақстан ІЖӨ-сінің 14 пайызы – жұмыспен қамтуды қолдауға, жолдарды жөндеуге және салуға, қалалар мен ауылдарды көріктендіруге бөлінді. Банк секторы, шаруа қожалықтары, шағын және орта бизнес көмекке қол жеткізді. Арам ниетті құрылыс салушыларға алданған мыңдаған үлестік құрылысқа қатысушылар мемлекеттің ізгілікті ерік-жігерінің арқасында жаңа тұрғын үйлер алып шықты.

Біз дағдарысқа қарсы екі жоспарды әзірлеп, дәйектілікпен жүзеге асырдық. Бұл біздің экономикалық қиындықтарды еңсерудегі зор да табысты тәжірибеміз. Қазіргі жаһандық дағдарыс біздің басымызға күтпеген жерден келіп түскен жоқ. Мен жаңа толқынның қайткенде де келіп соғатынын талай рет айтқанмын. Бұл жолы Қазақстан дағдарысқа қарсы алдын алу стратегиясын алғаш рет қолданып отыр.

Біріншіден, біз қазірдің өзінде индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығын бастадық, яғни шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құрудамыз.

Екіншіден, біз «Нұрлы Жол» Мемлекеттік инфрақұрылымдық даму  бағдарламасын қабылдадық. Дағдарысқа қарсы шаралардың маңызды аспектісі ұлттық валютамыз теңгенің еркін бағамға көшуіне байланысты болды.

Үшіншіден, біз «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудамыз. Парламент Ұлт жоспарын заңнамалық қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуде. Олар 80-нен астам заң. Олар біз жоспарлағандай, 2016 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастайды. Шағын және орта кәсіпкерлік үшін әкімшілік кедергілер жойылуда, мемлекеттік басқару, білім беру мен денсаулық сақтау жетілдірілуде. Осы шаралардың бәрі де мемлекетке, қоғамға біздің экономикамызға қосымша төзімділік береді.

Төртіншіден, біз қажетті мемлекеттік қор мен алтын-валюта резервін жинақтадық.

Бесіншіден, менің тапсырмам бойынша, бұған дейін мен айтқандай, мұнай бағасы баррельіне 30-ға дейін және 20 долларға дейін төмендеген жағдайларға ойластырылған іс-қимылдар нұсқасы әзірленді.

Алтыншыдан, Қазақстанда инновациялық индустрияландыру шеңберінде  құрылған экономиканың жаңа секторлары экономикалық өсімнің драйверлеріне айналуда. Көптеген өңдеуші салалар өсім көрсетіп отыр. Бес жылда өңдеу өнеркәсібі 1,3 есе, химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өндірісі 1,7 есе өсті. Машина жасау өнімдерін шығару 2,2 есе, экспорт 3 есе артты. 800-ден астам индустриялық жобалар жүзеге асырылды. Биылғы жылы металлургия өнеркәсібі бірден 15 пайызға, химия өнеркәсібі 3,2 пайызға ұлғайды. Минералды өнімдер өндірісі 3,2 пайызға, киім-кешек 4 пайызға өсті. Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі Қазақстан үшін 2016 жылға жоғары экономикалық өсу қарқынын болжап отыр.

Жетіншіден, қазақстандықтардың экономикалық мінез-құлықтары өзгеруде. Еңбек өнімділігінің 60 пайыздан астамға артқаны байқалып отыр.

* * *

Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік. Жалпы халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтады.

Мемлекет қандай жағдайда да әлеуметтік міндеттемелерін шашау шығармай орындап келеді. Тарихымызды түгендеп, мәдениетімізді өркендетуге қол жеткіздік. Жаңа жылдан бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақы орташа алғанда 30 пайызға дейін көбейеді. Осының барлығы халықтың болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүруіне толық негіз болады.

Құрметті қазақстандықтар!

Осыдан екі жыл бұрын мен «Қазақстан-2050» Стратегиясын жарияладым. Осы уақыттың өзінде-ақ біз оны жүзеге асыруда, тіпті, жаһандық дағдарыстың теріс ықпалына қарамастан, орасан зор нәтижелерге қол жеткіздік.

Біріншіден, Давос экономикалық форумының Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемде 42-ші орынға ие болды.

Екіншіден, бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар жасайтын елдердің әлемдік рейтингінде Қазақстан 41-ші позицияны иеленді.

Үшіншіден, бүгін, 30 қарашада Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының заңды түрдегі толыққанды мүшесі болды. Ол туралы ДСҰ-ның Бас кеңесінің отырысында ресми түрде хабарланатын болады. Бұл оқиға тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы маңызды кезең болып табылады. Ол біздің еліміздің толыққанды сауда-экономикалық әріптес ретінде мойындалуын айғақтайды. Қазақстанның ДСҰ-ға өтуі біздің экспорттаушыларымыз үшін де, экономикамыздың шешуші секторларына келетін шетелдік инвесторлар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады.

ІІІ. Біздің дағдарысқа қарсы басты стратагемамыз

Бүгінде көптеген жайттар Ұлы Қазақстан жолы мен Мәңгілік Ел идеясын бастап отырған өзімізге байланысты. Біздің ұзақ мерзімді, орта мерзімді және таяу болашаққа арналған іс-қимыл стратегияларымыз бар.

Қазір және кез келген басқа уақытта біздің дағдарысқа қарсы басты стратагемамыз үш қарапайым, бірақ маңызды – өсім, реформалар, даму ұғымдарымен үндес.

Біріншісі – өсім. Әңгіме ең алдымен, экономикалық өсім туралы болып отыр. Ағымдағы міндеттерге қатысты алғанда бізге Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған отыздығына енуін қамтамасыз ететін экономикалық өсім қарқынын қалпына келтіру қажет. Біз жеке бастамаларды дамыта отырып, өсімнің жаңа ішкі көздерін ашуға тиіспіз.

Екінші – реформалар. Олар экономиканың, қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қазір біз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырып жатырмыз. Олар өз ауқымы жағынан біз 90-шы жылдары жүргізген реформалар ауқымына сәйкес. Бізге мемлекеттік және корпоративтік менеджментті, қаржы және фискалдық секторларды неғұрлым тереңірек реформалау мейлінше қажет.

Үшінші – даму. ХХІ ғасырда қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғырту дамудың басты факторына айналып отыр. Біз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, жоғары әлеуметтік жауапкершілік, халықтың неғұрлым әлсіз буындарына атаулы көмек қағидаттарында бүкіл мемлекеттік, қоғамдық және жеке институттарды кең ауқымды жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізудеміз.

IV. Дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағыты

Таяу уақыттарда бізге келесі бес бағыт бойынша дағдарысқа қарсы және құрылымдық кешенді жаңаруларды жүзеге асыру қажет.

БІРІНШІ. Қаржы секторын тұрақтандыру

Біздің маңызды міндетіміз – қаржы жүйесін жылдам тұрақтандыру, оны жаңа жаһандық нақты ахуалға сәйкестендіру.

Біріншіден, қаржы секторының теңгенің еркін бағамы жағдайында тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Мұндағы қағидатты сәт сол, Ұлттық валютаның бағамына Ұлттық қор қаржылары есебінен шексіз қолдау көрсету тәжірибесіне қайта оралу болмайды. Ұлттық банк банк секторының барлық субъектілеріне жұмыс істемейтін несиелер бойынша стресс-тестілеу жүргізуі қажет. Оның нәтижелері бойынша оларды мойындау және есептен шығару жөнінде шаралар қабылдау керек. Капиталдандыру проблемаларын шеше алмаған банктер қаржы жүйесінен «кетуі» тиіс. Қазақстандық банктер барлық халықаралық стандарттарға, соның ішінде, Базель комитеті мен Халықаралық валюта қорының стандарттарына сәйкес келуі қажет. «Долларсыздандыру» құралдарын кеңейту арқылы ұлттық валютаға деген сенімді нығайтуға қол жеткізудің маңызы зор.

Екіншіден, инфляциялық таргеттеу шеңберінде Ұлттық банк орта мерзімді болашақта инфляция деңгейін 4 пайызға дейін төмендетуі керек. Ол үшін пайыздық мөлшерлемелерді икемді өзгерту тетігі толыққанды пайдаланылуы тиіс.

Үшіншіден, Ұлттық банктегі институттық кемшіліктерді жою қажет. Біртұтас Зейнетақы қорын, Проблемалы несиелер қорын және басқа да қаржы институттарын оның бақылауынан шығару керек.

Төртіншіден, 2016 жылы зейнетақы активтері жеке қазақстандық немесе шетелдік компаниялардың басқаруына берілуі тиіс. Зейнетақы жиналымдарының табыстылығын арттыру мақсатында зейнетақы қаржыларын инвестициялауға көзқарастарды қайта қараған жөн. Зейнетақы қорына көзқарас пен басқару да Ұлттық қорға көзқарас пен басқару сияқты болуы керек.

Ұлттық банк қоғам мен қаржы мекемелеріне өз қызметінің мәселелері бойынша үнемі тиянақты ақпарат беріп тұруы тиіс. Қаржы секторына қатысушылардың бәрімен қалыпты жұмыс бабындағы үнқатысуды жолға қоюдың маңызы зор. Осы аталған барлық кезек күттірмес шараларды қабылдағаннан кейін ғана экономиканы ынталандыруға, соның ішінде монетарлық тәсілдермен ынталандыруға кірісуге болады. Мен жаңа басшылықтың Ұлттық банкті сауатты басқаратынына сенемін. Біздің бәріміздің де ұлттық валютамыз – теңгеге сенуіміз қажет. Теңге салымдары – бүгінде азаматтардың жиналымдарын сақтаудың ең үздік құралы.

ЕКІНШІ. Бюджет саясатын оңтайландыру

«Көрпеге қарап көсілу» – бұл, әсіресе, жаһандық дағдарыстың ықпалы жағдайында біз үшін тексерілген қағидат және бюджет саясатының дұрыс моделі.

Бүгінде біз бюджетке салықтық түсімдердің 20 пайызға дерлік төмендегенін айтып отырмыз. Қосылған құн салығын төлеу көлемі төрттен бірге, ал табысқа корпоративтік салық бойынша 13 пайызға төмендеді. Бұл бар болғаны бизнеске қосымша қысымды білдіретін болады. Бюджет шығындарын Ұлттық қор есебінен жабу – көрегендік емес. Біз алдағы жылдардың қандай боларын білмейміз. Сондықтан менің ұстанымым қағидатты – Ұлттық қор қаржыларын ағымдағы шығындарға пайдалану тоқтатылуы тиіс. Ұлттық қордан республикалық бюджетке жыл сайынғы кепілдендірілген, шектеулі трансферт бірден-бір тетік болуы керек. Үкіметке Ұлттық қор қаржыларын жаңа жаһандық өмір шындығы жағдайында қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын.

Бізге мемлекеттік кірістер мен шығыстардың бүкіл жүйесін қайта қарау қажет. Ең алдымен, бюджеттің кіріс базасын ұлғайту керек. 2017 жылы қазіргі ҚҚС-тің орнына сатудан түсетін салықты енгізу қажет. Барлық тиімсіз салықтық жеңілдіктерді жойған жөн. Салықтық режімдерді оңтайландыру қажет – тек үш деңгей ғана қалуы керек. Олар – жалпы, жеке кәсіпкерлер үшін патент және шағын және орта бизнес, сондай-ақ, аграрлық сектор үшін арнайы салық режімі. Мұндай механизм «көлеңкелі экономиканы» жарыққа алып шығатын болады.

Салық саласының мөлдірлігін арттыру Үкіметтің басты міндеті болуы тиіс. Тек осылай еткенде ғана экономиканың әрбір субъектісі салықтарды толық көлемде төлеуге мүдделі болмақ.

Үкімет салықтық әкімшілендірудің тиімділігін қамтамасыз етуі керек. Бүгінде мүлікті жария ету мерзімдері 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Мүлік пен ақшаны заңды айналымға қайтару үшін қосымша ынталандырулар қабылданды. Құпиялылық пен сот қудалауынан қорғауға кепілдік беріледі. Үкіметке жария ету жағдайларына тағы бір рет талдау жасауды және қажет болған жағдайда, оған қатысушыларға кепілдікті күшейтуді тапсырамын. Мен мүлікті жария етуге қатысу жөнінде әлі де ойланып жүргендердің барлығын осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға шақырамын.

2017 жылдың 1 қаңтарынан кірістер мен шығыстарды жаппай декларациялау күшіне енеді. Одан кейін, олар қайда болса да, олардың шығу төркіні мен салық салынуын анықтау үшін, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының көмегімен, есепшоттар мен активтерді анықтау бойынша шаралар қабылданатын болады.

Енді бюджет шығындарын оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы. Үкіметке барлық бюджеттік бағдарламаларға толық ревизия жүргізуді тапсырамын. Дағдарыс жағдайында әр теңге де маңызды. Тиімсіз шығындар немесе жеке сектор есебінен жабылуы мүмкін шығындар бюджеттен шығарылуы тиіс. Өңірлік және индустриялық даму бағдарламаларының шығындарын қайта қарау қажет.

Мемлекеттік шығындар мен субсидиялар жүйесін де қайта қараған жөн. Бүгінде бүтіндей бір салалар мемлекет есебінен өмір сүруде. Сонымен бірге, мәселен, «ҚазАгро» корпорациясы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қолдау құралдары бүкіл ауылшаруашылық тауар өндірушілердің тең жартысы үшін қолжетімді емес. Бюджет шығындарын жеңілдету үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігін белсендірек қолдану қажет. Экономиканың басым салаларына жеке инвестицияларды ынталандыру бойынша қосымша шаралар қарастыру керек. Жеке инвесторларды жол, газ құбыры, ауруханалар, мектептер және басқа да нысандар құрылысына ғана емес, сонымен бірге, оларды қайта жаңғыртуға және техникалық қызмет көрсетуге тартудың да маңызы зор. Бюджет шығындарын оңтайландырудан босаған барлық қаржыны бірінші кезекте халық үшін нақты нәтижелер әкелетін жобаларға бағыттау қажет.

ҮШІНШІ. Жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру

Бүгінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды барынша босатудың маңызы зор. Ол үшін біз екі тиімді құралды – кең ауқымды жекешелендіруді және бәсекелестікті ұлғайтуды пайдалануға тиіспіз. Бүгінде өсім мен бәсекелестікті не ұстап тұр?

Ең алдымен, үлкен мемлекеттік сектор – 7 мыңнан астам кәсіпорындар. «Самұрық-Қазына» және «ҚазАгро» холдингтері өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының орасан зор активтеріне тиімді бақылау жасай алмайды. «Самұрық-Қазына» қорының активтері ІЖӨ-нің 40 пайыздан астамын құрайды, 500-ден астам «немерелер» мен «шөберелерден» тұрады. «ҚазАгро» және «Бәйтерек» холдингтері бюджет пен банктер арасындағы тиімсіз делдалдарға айналды. Осылардың бәрі далиған штаттармен және орасан бюджеттік ресурстармен қоса жүреді, сонымен бірге, жеке инвестициялар мен бастамаларды ығыстырып шығаруға апарып соқтырады.

Қазір мемлекеттік сектор нысандарын жекешелендіруге шектеулерді алып тастау маңызды. «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң мен Азаматтық кодекстің бірқатар ережелерін қайта қарап, жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық нысандардың санын қысқарту қажет. Үкіметке мемлекеттік меншіктегі ұйымдардың бәрін қоса отырып, Жекешелендірудің жаңа бағдарламасын жасауды тапсырамын. Олардың ішінде, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгроға» кіретіндері де бар. Жекешелендіруден кейін осы үш басқарушы холдингтің бәрі ықшам ұйымдарға қайта құрылымдалатын болуы тиіс.

Жекешелендіру әділетті нарықтық баға бойынша, ашық және бәсекелі жүзеге асырылуы керек. Мұнда акцияларды қор нарықтарына орналастыру мен ашық аукциондар шешуші тетіктерге айналуы тиіс. Оған қазақстандық және шетелдік инвесторларды барынша мол қатыстыру үшін жағдай жасау керек. Үкіметке барлық акционерлердің мүлкінен айырылғандардың активтерін сатып алуға деген басым құқықтарын алып тастауды тапсырамын.

Әрі қарай, Үкімет еркін және саламатты бәсеке үшін жағдайлар жасауы тиіс.

Біріншіден, Үкіметке антимонополиялық қызметті күшейту бойынша нақты ұсыныстар жасауды тапсырамын. Бізге антимонополиялық ведомство туралы   мәртебесі мен жұмыс тәртібі нақты регламенттелген жеке заң керек.

Екіншіден, бағаны жасанды реттеу түрінде нарықтық ынталандыруларға қатысты бұрмалауларды жою қажет. Үкіметке экономиканың барлық секторларында нарықтық баға қалыптастыруға әрі қарай көшуді жалғастыруды тапсырамын.

Үшіншіден, бәсекелестік саласындағы саясат банкроттық және тиімсіз компанияларды оңалтуды тиімді реттеу үдерістерімен қоян-қолтық жүруі тиіс. Нарықтық экономика – күштілердің бәсекесі. Жеңілгендер нарықтан кетуге немесе қайтадан бастауға мүмкіндік алулары керек. Бізде мұндай жоқ. Тиімсіз компаниялар  мемлекеттен түрлі түрдегі субсидиялар мен жеңілдіктер алу үшін кезекке тұрады. Бірде-бір дамыған елде компаниялардың банкроттығы саланың ыдырауына немесе жұмысшыларын босата отырып, кәсіпорынның тоқтауына алып келмейді. Тиімсіз менеджерлердің орнына өзімен бірге инвестициялар әкелетін жаңа меншік иелері келеді. Біз бәсекеге қабілетсіз компанияларды мемлекет есебінен «сүйремеуге» тиіспіз. Үкіметке  жеке және заңды тұлғалар үшін банкроттықтың нақты және түсінікті ресімдерін жасауды тапсырамын. Ол барынша жеңілдетілген болуы тиіс.

* * *

Кәсіпкерлер, іскер азаматтар!

 Мемлекет сіздердің бизнестеріңізді дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайды жасады. Бүгінгідей сын сағаттарда сіздерге үлкен жауапкершілік артылады. Жекешелендірудің жаңа легіне белсенді қатысыңыздар, қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеңіздер. Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады. Өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды.

* * *

Мен кәсіпкерлер табына, барлық ауқатты қазақстандықтарға, барлық бизнесмендер мен іскер адамдарға сөз арнағым келеді. Мемлекет жекешелендіру мен экономикалық ырықтандыру бойынша біздің тарихымызда бұрын-соңды болмаған қадамдарға барып отыр. Еліміз қазірдің өзінде көпшіліктеріңізге ақша табуға  және іскерлік журналдардың бірінші беттерінен көрінуге мүмкіндік берді. Мен сіздерді капиталдарды заңдастыруға, жекешелендіру тендерлеріне белсенді қатысуға шақырамын. Осылайша сіздер өздеріңізге және Қазақстанға, барша халқымызға жәрдемдесетін боласыздар.

ТӨРТІНШІ. Жаңа инвестициялық саясаттың негіздері

Таяудағы онжылдықта Қазақстанның алдында тұрған міндеттер:

- экономиканың жыл сайынғы өсімін 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету;

- өңделген тауарлардың экспортын 2015 жылмен салыстырғанда кем дегенде екі есе ұлғайтып, оны жылына 30 миллиард долларға дейін жеткізу;

- экономикаға жыл сайынғы инвестициялардың көлемін 10 миллиард доллардан астамға ұлғайтып, тұтастай алғанда 10 жыл ішінде – кем дегенде 100 миллиард долларға жеткізу;

- 660 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін 2 еседен астамға арттыру.

Экономикалық өсімнің мұндай қарқыны тек экспорттық табыстар ағынын мүмкін ететін жаңа драйверлер қалыптастыру есебінен ғана қамтамасыз етіле алады.

Жаңа жаһандық нақты ахуалдың мәні тек әртараптандырылған экономиканың ғана  жаһандық дағдарыс салдарына тиімді қарсы тұра алатынында болып табылады. Сондықтан да біз индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру үстіндеміз. Бізге жаңа инвестициялық саясат керек.

Біріншіден, трансұлттық корпорацияларға екпін түсіре отырып, жеке инвестициялар тарту маңызды. Біз «күрделі инвестициялар» тарту үшін оңтайлы орта қалыптастыруымыз керек. Осы жылы «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құру туралы шешім қабылданды. Ол исламдық қаржыландыру, приват-банкинг және қайта сақтандыру салаларында өңірлік хаб болады. Қазақстан күшті институттары, білікті, тиімді және болжамды үкіметі бар өңірдегі көшбасшы-елге айналуы тиіс. Бізде  озық техникалық кадрлар, әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымдар болуы тиіс, қоғамдық тәртіп пен адамдардың жеке қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек.

Инвестициялық ахуалды жетілдіруге бағытталған реформаларды әрі қарай жалғастыру ЭЫДҰ  және басқа да халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп жүргізілуі тиіс. Үкіметке үш ай мерзім ішінде инвестициялық ахуалды жақсартудың егжей-тегжейлі жоспарын жасап ұсынуды тапсырамын. Бұдан бөлек, инвесторлармен жұмысты белсенді ете түсу үшін инвесторлар тарту мен инвестициялық ахуалды жақсартуға бағдарланған Үкімет кеңесін құруды тапсырамын. Өңірлерде жергілікті маңыздағы жобаларды жүзеге асыру үшін инвестициялар тартуға қажетті осындай кеңестер құру керек.

Екіншіден, экономикалық өсімнің өңірлік драйверлерін қалыптастыру маңызды. Барлық инвестициялық жобалар тікелей өңірлерде жүзеге асырылады. Сондықтан, 6 макроөңірлер – Оңтүстік, Солтүстік, Орталық-Шығыс, Батыс, Алматы, және Астана үшін жеке бағдарламалар жасау қажет. Ірі өңірлік жобалар айналасында шағын және орта бизнесті дамыту керек. Сондықтан, кәсіпкерлікті қолдаудың «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы макроөңірлердің инвестициялық бағдарламаларының бір бөлігі болуы тиіс. Еңбек ресурстарының жұмылғыштығын жоғарылату бойынша, бірінші кезекте, еңбек күші артық өңірлердің еңбек күші жетіспейтін өңірлерге миграцияларды ынталандыруға бағытталған шараларды алдын ала қарастыру қажет.

Макроөңірлер «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде құрылатын біртұтас көліктік, логистикалық және коммуникациялық құрылым аясында бірігулері тиіс. Қазіргі кезде «Орталық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс», «Орталық –Батыс» шешуші бағыттары бойынша 11 жоба жүзеге асырылуда. «Боржақты – Ерсай», «Алматы – Шу» теміржол желілері мен Құрық портындағы паромдық өткел құрылыстары жүргізілуде. Бұл жобалар қазірдің өзінде 72 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Үкіметке аталған бағдарламаларды жүзеге асыру ісін белсенді ете түсуді тапсырамын.

Сонымен қатар, экономикалық конъюнктураны есепке ала отырып, қаржыландыру көздерін әртараптандыру қажет. Менің ҚХР-ға сапарым барысында ЭксимБанкпен 2,6 миллиард доллар сомасында займ тарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазір мемлекеттік бюджет есебінен көптеген жолдар салынып жатыр. Бірақ, бұл жобаларға шетелдік және жергілікті инвесторларды да тарту керек. Жақын болашақта «Нұрлы Жол» бағдарламасы жобаларына жеке капиталды тарта отырып, қаржыландыру моделіне келтіру керек.

Үшіншіден, қазір әлемдік және өңірлік рыноктарда экспорттық тауашаларды белсендірек игерген жөн. Біз жақын жатқан елдердің экономикалық әлеуеттерін тиімді пайдалануға тиіспіз. Бірінші кезекте, бұлар –Қытай, Ресей, Иран, Моңғолия, Үндістан, Пәкістан, Орталық Азия және Кавказ елдері. Аталған елдер жыл сайын 3,5 триллионнан астам доллардың тауарлары мен қызметтерін импорттайды. Еуразиялық экономикалық одаққа шешуші өңірлік рыноктармен еркін сауда туралы келісім жасасу қажет. Үкімет аталған мәселелерді біздің әріптестерімізбен бірлесіп жасап, бәріміз үшін пайдалы етіп шешуі тиіс. СІМ-ге осы міндеттерді орындау үшін Қазақстанның шетелдердегі мекемелерінің барлық ресурстарын іске қосу қажет.

Төртіншіден, бізге техникалық кадрлар дайындау жүйесін барынша дамыту қажет. Техникалық және кәсіби білім беру инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс. Бұл үшін Германиямен, Канадамен, Австралиямен және Сингапурмен кадрлар дайындау орталығын бірлесіп құру керек. Олар бүкіл еліміз үшін техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің моделі болады.

Бесіншіден, Қазақстан экономикасының инновациялық әлеуетін арттырған жөн. Болашақтың экономикасын құру үшін негіз қалау маңызды. Смарт-технологиялар, жасанды интеллект, киберфизикалық жүйелер интеграциялары, болашақтың энергетикасы, жобалау және инжиниринг салаларында біліктілікті дамыту қажет. Мұны тек тиімді ғылыми-инновациялық жүйе құру арқылы ғана жасауға болады. Назарбаев Университеттің  «Астана бизнес кампусы» хайтек-паркінің базасы мен Алматыдағы «Алатау» технопаркінде қалыптастырылатын қуатты зерттеу университеттері мен инновациялық кластерлері оның негізіне айналады. Астанада ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу бізге «жасыл технологияларға» негізделген жаңа энергетиканы белсенді дамытуға жақсы мүмкіндік береді.

БЕСІНШІ. Жаңа әлеуметтік саясат

Серпінді экономикалық өсім көптеген жылдар бойы бізге белсенді әлеуметтік саясат жүргізіп, адамдардың өмір сапасын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді. Барлық жаһандық дағдарыстардың теріс ықпалына байланысты экономикамыз тап болған бүкіл қиындықтарға қарамастан, біз әркез қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып келдік. Он жылда әлеуметтік салаға мемлекеттік шығындар нақты көрсеткіш бойынша 3 есеге жуық өсті. Әлеуметтік сала мен мемлекеттік басқаруда жұмыс істейтіндердің саны 1,2 миллион адамнан асады. Мемлекет жәрдемақы мен төлемдердің үлкен көлемін қамтамасыз етуде. Оларды 1,5 миллионнан астам азамат алады.

Экономикалық тәуекелдерге, жалпы, ештеңеге де қарамастан, біз халықты әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Мен 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда – 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікі – 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40 пайызға дейін артатынын жариялаймын. Мұнда бюджет қызметкерлерінің түрлі категорияларына қатысты сараланған тәсіл қолданған ұтымды. Алдағы жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың 25 пайыздық өсімі, сондай-ақ, стипендиялар қамтамасыз етілетін болады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз инфляция  деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекстейміз. 2016 жылы «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға арттырылатын болады. Бұл мақсаттарға қаржыны біз бюджеттік шығындарды оңтайландырғаннан кейін үнемдейміз. Осылайша біз еңбекақыны өсіру үшін қаржы тауып, өзіміздің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерімізді орындаймыз!

Мен барлық әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған жіктерге сөзімді арнамақпын. Біз мұқтаждарға қашанда көмек қолын созып келдік. Сонымен қатар, әлеуметтік әділеттілік бұрмаланбауы тиіс. Өйткені, әрбір әлеуметтік төлем – бұл жай бюджетке ғана емес, әрбір жұмыс істейтін қазақстандыққа қосымша салмақ. Әлеуметтік әділеттілік идеясы жұмыс істейтін қазақстандықтарға қатысты әлеуметтік әділетсіздікке айналмауы тиістігін нақты түсіну керек. Бұл – солардың ақшасы!

Бүгін де тек Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы  ғана  сыртқы сілкіністерге орнықты, тиімді экономиканың нақты негізі болуға қабілетті. Азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында Үкіметке 2016 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын жасауды тапсырамын. Бағдарламаларды қаржыландыру көлемі 2009-2010 жылдары жүзеге асырылған осыған ұқсас Жол картасымен салыстырғанда ұлғайтылатын болуы тиіс. Бұл жергілікті инфрақұрылымдарды дамыту мен елді мекендерді абаттандыру жобалары есебінен еңбек рыногының тұрақтылығын қамтамасыз ететін болады. Кадрларды кең ауқымды қысқа мерзімді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру ұйымдастырылады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесиелеу кеңеюде.

Бүгін мен жаңа әлеуметтік саясат жасау міндетін қоямын. Мемлекеттің әлеуметтік саладағы рөлі әлсіз қорғалған азаматтарды қолдаумен және адам капиталына инвестицияларды қамтамасыз етумен шектелетін болуы тиіс. Атаулы әлеуметтік қолдау тек мұқтаж адамдарға, олардың нақты табыстары мен өмір сүру жағдайын бағамдау негізінде, көрсетілетін болады. Басқалар ақшаны өздері, өздерінің еңбектерімен табулары тиіс. Азаматтарымыздың жекелеген топтарының ерекше сұраныстарын ескере отырып, өмір сүрудің ең төменгі деңгейінің құрылымдарын қайта қарау және оның түрлі деңгейлерін белгілеу қажет. Үкіметке үш ай ішінде әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін оңтайландыру бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын.

Еңбек ете алатындарға мемлекеттік қолдау тек олардың қайта оқуға немесе еңбекпен қамту бағдарламаларына қатысулары негізінде ұсынылатын болуы тиіс. Үкіметке әлеуметтік көмектің мұндай түрлерін 2017 жылдан бастап енгізуді тапсырамын. Әлеуметтік саясаттағы мемлекеттің басымдығы адам капиталын дамытуға кең ауқымды инвестициялар болуы тиіс. Біз бұған дейін қабылданған бағдарламаларға сәйкес, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуды жалғастыруымыз керек. Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялаймын. Үкіметке оны жасауға кірісуді тапсырамын.

Қазақстанның жас азаматтары!

 Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар.   Шеберліктің шыңына жете білсеңдер  мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады.  Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда.

* * *

Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды.

Тұтастай алғанда, Жолдауда ілгерілетіп отырған шаралардың барлығы нақты сипатқа ие және, әдеттегісінше, сенімді қаржыландырумен қамтамасыз етілген. 2014-2015 жылдары шағын және орта бизнесті дамытуға 1 триллион теңге бөлініп үлгерілген болатын. «Нұрлы Жол» бағдарламалары жобаларына – 2,7 триллион теңге. 2,7 триллион теңге Қазақстанға халықаралық қаржы ұйымдары тарапынан бөлінді. Қытай Халық Республикасы 2,7 миллиард доллар көлемінде несие берілді. Тұтастай алғанда, осы Жолдау жобаларын жүзеге асыруға 7,5 триллион теңге тартылмақ. Осы қаржыларды тиімді пайдалану – Үкіметтің басты міндеті және жауапкершілігі.

Қиындықтарды еңсеруде біз жалғыз емеспіз. Өзіміздің салмақты сыртқы саяси қызметімізбен біз бүкіл әлем бойынша көптеген достар таптық. Олар бізді қолдап келеді. Сіздер менің сапарларыммен әлемнің жетекші елдерінің көшбасшыларымен келіссөздерімнің куәгерлері болдыңыздар. ҚХР-мен 23 миллиард долларға шикізаттық емес сектордағы ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл – 40-тан астам жаңа кәсіпорын салынады деген сөз. Лондон мен Парижге сапарларым да, экономикалық ынтымақтастық тұрғысынан алғанда, табысты болды. Жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 11,5 миллиард долларды құрайды. Елімізге Ресей Президентінің сапары біздің дәстүрлі ізгі көршілестік қарым-қатынастарымыздың тұрақтылығы мен беріктігін  және экономикалық интеграцияның дамып келе жатқанын көрсетті. Жапония премьер-министрінің сапары инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтетін болады. Бізге тұңғыш рет «Тойота» концерні келіп, Қазақстанда автомобильдер шығарады.

Басты нәтижелердің бірі бізге халықаралық қаржы институттарының жоғары сенімі болып табылады. Осындай күрделі кезеңде біздің реформаларымызды қолдай отырып, олар 9 миллиард доллар көлеміндегі қаржы ресурстарына қол жеткізуімізге жол ашты. Біз Еуропалық Одақпен тереңдетілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық. Біз әлемдік қоғамдастықпен ядросыз әлем үшін, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте біргеміз. Біз кез келген жанжалдардың бейбіт жолмен шешілгенін қалаймыз және осы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.

Дүниежүзінде біз бастаған реформалар туралы, Жүз қадам туралы жақсы біледі және оларды қолдайды. Біз достарымыздың көңілін қалдырмауға тиіспіз. Бұл реформалар, мен аталған Жолдауда алға қойған олармен өзара байланысты міндеттерді орындау оңай болмайды, мүмкін, тіпті, ауыр соғуы ықтимал. Бірақ, оларға балама жоқ. Егер біз осының бәрін жасамайтын болсақ, онда әлемдік дамудан үмітсіз кейіндеп қаламыз. Бірақ біз, әдеттегідей, белгілегендеріміздің бәрін жасаймыз.

Құрметті отандастар!

Жаңа 2016 жылдан Ұлт жоспары шеңберінде қабылданған жаңа заңдар жұмыс істей бастайды. Бүгін мен экономикамызды, мемлекетіміз бен қоғамымызды нығайтуды көздейтін жаңа шаралар туралы хабарладым. Барлығымыздың мойнымызда еліміздің болашағы үшін орасан зор жауапкершілік жатыр. Алдымызда қиын жұмыстар күтіп тұр. Қазақстан халқына Жолдауымдағы барлық міндеттерді жүзеге асыруда мен «Нұр Отан» партиясына ерекше орын беремін. Жолдау барлық партия мүшесі үшін іс-қимыл негізі және таяудағы жылдарға арналған бағдарлама болуы тиіс. Кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, адамдарды жұмылдыру, қойылған барлық міндеттерді орындауда біріктіру керек. Партиядан сайланған депутаттар дағдарысқа қарсы және құрылымдық қайта жаңғыруларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етулері тиіс. Мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барлық азаматтарды Отанымыздың игілігі жолындағы ортақ іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жұмылып, аталған Жолдауды жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырамын.

Келе жатқан күрделі кезең біз үшін еңсеру кезеңі болады. Біз жаңа жаһандық дағдарысты міндетті түрде жеңеміз. Бұл үшін бізде біртұтас ерік-жігер, халық бірлігінің берік дәстүрлері бар. Біз Қазақстанымызды дамудың жаңа шептеріне шығаратын боламыз!

Қымбатты қазақстандықтар!

 Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығы жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер. Біз көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз.

Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!

Мен халқыма сенемін. Көк байрағымыздағы алтын қырандай еліміз қанатын кеңге жайып, асқар биіктерден көрінсін!  Барды бағалап, жоқты жасай білген жасампаз жұртымыздың көк байрағы әрдайым биікте желбіресін!

Алға, Қазақстан!