Командалық «Алаңдағы тоғызқұмалақ» ойынының нұсқасы, ойнау элементтері ұлттық «Тоғызқұмалақ» ойынының ережелеріне негізделген.
Алайда бұл бұқаралық (командалық) спорттық ойын. Ойыншылар санының артуы қоғам арасында ұлттық ойынымыздың кеңірек таралуына, беделінің артуына зор мүмкіндік тудырады. Ойынның ұжымдық негізінде ойналуы, жастар арасында өзара сенімділік пен достық қарым-қатынастардың нығаюына үлкен мүмкіндік береді. Ойын қоғамның барлық жастағы өкілдеріне арналған.
Негізгі мақсаты: жалпы жастар мен ересектер арасында бұқаралық спорт негізінде командалық «Алаңдағы тоғызқұмалақ» ойынын жалпы халықтық бұқаралық ұлттық түрінде дамыту.
Авторы Тараз қаласындағы №10 орта мектептің жоғарғы санатты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Шалов Асқар Орынбекұлы.
Алаңдағы тоғызқұмалақ ойынын сынақтан өткізу мақсатында үш жыл қатарынан (2014-2017 оқу жылдары) Тараз қаласындағы мектеп оқушылары арасында жарыстар ұйымдастырылды. Осы жарыстардың қорытындысы бойынша «Алаңдағы тоғызқұмалақ ойыны» балалардың интеллектуалды – физикалық, тактикалық – стратегиялық дайындықтарына оң әсерін тигізетіндігі байқалды. Қазіргі таңда бұл ойынды Тараз қаласындағы 200-ге жуық мектеп оқушылары ойнауда.
Жамбыл облысы әкімдігінің спорт басқармасының ұйымдастыруымен аталған спорт түрінен 2017 жылдың 11 мамыр күні «EXPO - 2017» мамандандырылған халықаралық көрмесіне арналған Жамбыл облысының турнирі өткізілді. Жарысқа Тараз қаласы мен аудандардан 6 командадан 60 оқушы қатысты.
2017 жылдың 29-30 шілде аралығында «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесіне орай ұйымдастырылған Жамбыл облысының мәдени күндері аясындағы Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромында ұлттық спорт түрлерінен ойындар мен көрсетілімдер кезінде Республика көлемінде «Алаңдағы тоғызқұмалақ» ойыны алғаш рет ойнатылып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің қолдауына ие болып, жоғары баға берілді.
Алаңдағы тоғызқұмалақ ойынын ауылдық, аудандық жерлерде кеңінен тарату жоспарда бар.Спорттық жарыстар санын арттыру арқылы дамытуды қолға аламыз.
Сонымен қатар, ү.ж. 25-тамыз күні Тараз қаласы «Қ.Рысқұлбеков» атындағы саябағында Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай командалық «Алаңдағы тоғызқұмалақ» ұлттық ойынының облыстық чемпионаты өтті.
Командалық «Алаңдағы тоғызқұмалақ» ұлттық ойыны Республикалық «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» бағытымен ұлттық ойындарды іске асыру аясында еңгізілген, осыған орай аталған жарыс тұңғыш рет облыста ұйымдастырылды.
Жарысқа Тараз қаласы мен аудандардан 11 командадан барлығы 110 спортшы қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлдегерлер кубоктар, медальдар және дипломдармен марапатталды, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Жамбыл облысы филиалының атынан ақшалай сыйлыққа (І-орын 15 мың теңге, ІІ-орын 10 мың теңге және ІІІ-орын 5 мың теңге) ие болды. Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған командалар:
І-орын Қордай ауданы құрама командасы
ІІ-орын Меркі ауданы құрама командасы
ІІІ-орын Сарысу ауданы құрама командасы
Сонымен қатар, 2017 жылдың 03-08 қыркүйек аралығында Астана қаласындағы IBIS қонақ үйінде тоғызқұмалактан Әлем чемпионаты өтті, аталған чемпионатқа 25 мемлекеттен 70 спортшы қатысты. Осы чемпионаттың ашылу рәсімінде Жамбыл облысынан командалық «Алаңдағы тоғызқұмалақтан» 13 спортшы мен өкілдер қатысып, әлем халқының ойыншыларына көрсетілім ұйымдастырылды.
Республиканың басқа облыстарынан, командалық «Алаңдағы тоғызқұмалақ» ойынын өз облыстарында насихаттау мақсатында жарыс өткізу үшін облыс командаларының қатысуына ұсыныстар түсуде.
Командалық «Алаңдағы тоғызқұмалақ» ойынын 2018 жылдың наурыз айында өткізу жоспарланған.