Бұл фестивальдің басты мақсаты – облыста бұқаралық спортты дамыту, жастардың бойын жат қылықтардан аулақ ұстауына және бос уақыттарын тиімді пайдалануына ықпал ету болып табылады.
Аула ойындары спорттың 5 түрі бойынша өтеді: қалашық, ләңгі, асық ату, қашпа доп (выбивалы) және секірмек (скакалки). Команда үш түрлі жас ерекшеліктерінен тұрады: жасөспірімдер 10-14 жас; жастар 14-18 жас; ересектер 18 жастан жоғары.
Аталған жарыс облыста үшінші рет ұйымдастырылып өткізілді. Бұл жоба республика бойынша тек Жамбыл облысында бастау алды. 2015 жылы тұңғыш рет өткізілген Аула ойындарына барлығы 8500 адам қатысса, ал 2016 жылы 15860 адамға жетті.
2017 жылдың мамыр айында өткізілген жарыстың І және ІІ іріктеу кезеңдеріне және ақтық сайысқа барлығы 17 000-ға жуық адам қатысты. Жарыс нәтижесі бойынша жалпы командалық есепте І орын Шу ауданы құрама командасы, ІІ орын Жуалы ауданы құрама командасы, ІІІ орын – Жамбыл ауданы құрама командасы иеленді.
Аула ойындары спорттық фестивалін 2018 жылдың сәуір-мамыр айларында өткізу жоспарлануда.