«Адал жүрек» қайырымдылық науқаны аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) мен облыс әкімдігінің дене шынықтыру басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласында марафон өткізілді.
«Достық» алаңынан бастау алып Төле би даңғылының бойымен «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағына» дейін жеңілатлетикалық жүгіріс жасалды. 2400 метрлік марафонға 400-ге жуық адам қатысып, жеңімпаздар арнайы жүлделермен, грамоталармен және сертификаттармен марапатталды.
Марафонды өткізудегі басты мақсат - мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау. Сонымен қатар, қоғамды салауатты өмір салтын ұстануға үндеп, жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады.
Марафонда мемлекеттік орган қызметшілерімен қатар, жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері белсенділік танытуда.
Қайырымдылық акциясынан түскен қаражат әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға, ал тапсырылған қан науқас жандарға аударылатын болады.