Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры халық арасында ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізу аясында осымен төртінші жыл қатарынан Қаржы журналистикасы мектебінің қарқынды курсын өткізді.
Айта кетелік, ақпарат беру-түсіндіру жұмыстары халықтың қаржылық сауаттылығын, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы жүйесі, Қор қызметтері, зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер, зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және дербес зейнетақы жинағын қалыптастыру бойынша хабардарлығын арттыруға бағытталған. Осындай ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде БЖЗҚ-ның басты көмекшісі – әрине, бұқаралық ақпарат құралдары. Сондықтан журналистермен, блогерлермен, сондай-ақ журналистика факультеттерінің оқытушылары және студенттерімен тығыз байланыс орнату өте маңызды. Өйткені соның арқасында Қор жұмысының ашықтығы, айқындылығы қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде салымшылардың Қорға деген сенімін арттыра түседі.
Атап өту керек, курс бағдарламасында мына тақырыптар бойынша оқыту модульдері ұсынылды: зейнетақы жүйелері және «БЖЗҚ» АҚ қызметі туралы; отандық жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ерекшеліктері; жинақтау кезеңі – жеке зейнетақы шотын ашқаннан бастап, төлемдерді рәсімдегенге дейін; зейнетақыны жоспарлау және есептеу, дербес кеңес беру; зейнетақы қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету; қолданыстағы электрондық қызметтер.
БЖЗҚ басшылығы мен мамандары оқыту кезеңі барысында ашық ақпарат көздеріндегі ақпараттармен жұмыс істеу бойынша тәжірибелік кеңестер беріп, күрделі қаржылық көрсеткіштер мен статистикалық деректерді түсінуге көмектесті. Қор сайтындағы зейнетақы калькуляторының көмегімен зейнетақыны жоспарлау және төлемдерді болжамдау бойынша ақыл-кеңес беріп, зейнетақы жүйесінің дамуы жайында әңгімеледі және әр түрлі сұрақтарға жауап берді. Оқыту курсының соңында қатысушылар алған білімдерін қорытындылау үшін жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша Kahoot интерактивтік ойынына қатысты.
Қаржы журналистикасы мектебі осымен төртінші жылы қатарынан өткізіліп келеді және оған қатысуға ниет білдірушілер саны жылдан жылға арта түсуде. Бұған дейін курстар негізінен Алматы қаласында өткізіліп келген болатын. Ал биылғы жыл бұл тұрғыда айрықша жыл болды. Өйткені бұл жолы шара Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда және Өскемен қалаларында өткізілді. Әрбір қалада қатысушылар тарапынан ерекше қызығушылық байқалып, барлық сұрақтар қызу талқыланды.
2019 жылы жалпы оқыту курстарын өткізу қорытындысы бойынша 200-ден астам адамға арнайы сертификаттар табыс етілді. Алдағы жылы шараны Қазақстанның басқа да қалаларында өткізу жоспарлануда.