Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы

ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ

2016 жылы облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 297,7 мың адамды немесе 26,7%-ды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15,4 мың адамға  (282,3 мың адам) өсіп отыр.

Жалпы спорт саласының дамуына 2016 жылы  6,29 млрд. теңге бөлінді
(2015 жылы 6,35 млрд. тг.).

 Материалдық-техникалық базаны нығайтуға 2016 жылы 121,6 млн. теңге бөлінді.        

Спорттың бұқаралық сипатын арттырудың бірден-бір жолы ол спорт инфрақұрылымдарын кеңінен дамытуға негізделеді. Бұл ретте 2016  жылдың өзінде іске қосылған бизнестің әлеуметтік қолдауы жобасы аясында демеушілердің қолдауымен Қордай және Шу аудандарында жаңа спорт кешендері іске қосылды.

Сонымен қатар, облыс орталығынан жастар арасында үлкен қызығушылық танытып отырған 7 стрит воркаут алаңшалары ашылды.

Облыс бойынша тұрғындардың спортпен жүйелі түрде шұғылдану үшін қолжетімді 1024 спорт нысаны анықталды (оның ішінде 398-і Тараз қаласында, 626-ы  аудандарда орналасқан). Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 584 нысанға өскен.

Жалпы, өткен жылы облыс спортшылары Әлем, Азия чемпионаттары мен Кубогы жарыстарында 166 медальға (оның ішінде 76 алтын, 51 күміс және 39 қола), Қазақстан Республикасы чемпионаттары мен Кубоктарында 714 медальға (оның ішінде 248 алтын, 223 күміс және 244 қола) және халықаралық турнирлерде 159 медальға (оның ішінде 53 алтын, 41 күміс және 65 қола) барлығы 1039 медальға қол жеткізді.

 Сонымен қатар, 2 спортшы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері», 17 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 80 спортшы «ҚР спорт шебері», 618 спортшы «ҚР спорт шеберлігіне кандидат»  нормативін орындады және 3 жаттықтырушы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» жоғары атағына ие болды.

Бүгінде әртүрлі спорт түрлерінен еліміздің Ұлттық құрама командасы сапында келешегінен үлкен үміт күтетін 453 жамбылдық спортшы бар. Оның ішінде: ересектер құрамасына 196, жастар құрамасына 180 және  жасөспірімдер құрамасына 77 спортшы.

Өткен жылы да облыста ірі көлемдегі спорттық іс шаралар өткізу дәстүрі өз жалғасын тапты.

Атап айтқанда грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ел чемпионаты, мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевты еске алуға  арналған халықаралық турнир, КСРО спорт шебері Бақытжан Ташметовты еске алуға арналған дзюдодан жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шоқан Нәдірбекұлын еске алуға арналған  еркін күрестен жастар арасындағы республикалық ашық турнир және дзюдо, таеквондо, грек-рим және еркін күрестерінен «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы» Кубогының  «D» тобындағы іріктеу кезеңі өткізілді.

Әрине, өткен жылдың ең басты байрақты бәсекесі, ол шын мәнінде, Олимпида ойыны болды.

Рио-де-Жанейрода өткен ХХХI жазғы Олимпиада  ойындарына қатысу үшін облыстан 5 спортшы лицензия жеңіп алған болатын.

Олар, бокстан Олжас Сәттібаев, дзюдодан Елдос Сметов, жеңіл атлетикадан Михаил Красилов пен Светлана Голендова және Олимпиадалық ойындардың салтанатты ашылу кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туын көтеріп шыққан таеквондошы Руслан Жапаров болатын.

Осы спортшылар арасынан Қазақстан Респуликасының қоржынына бірінші медальды, яғни күміс медальды дзюдодан Әлем чемпионы, талантты жерлесіміз Елдос Сметов жеңіп алып, ұлт мерейін асқақтатты.

Сонымен қатар, Паралимпиада ойындарында тараздық Зүльфия Габидуллина – қазақ спорты тарихында тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жүзуден 100 метр қашықтықта әлем рекордын жаңартып, алтын медальды еншіледі.

Осылайша біздің екі дарабоз спортшыларымыз жарқын жеңістерімен елін қуантып, жанкүйерлерін бір көтеріп тастады.

Ал, 2016 жылы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында қол күресінен абсолютті салмақ дәрежесінде интерконтиненталь чемпиондық белбеуі PAL (Professional Arm Wrestling League) үшін жарыста жерлесіміз Дмитрий Трубин интерконтиненталь чемпионы титулын жеңіп, осы бағалы белбеудің иегері атанды.

Біздің өңір спортшылары соңғы жылдары қазақ күресінен өткен байрақты бәскелерде топ жарып келеді. Өткен жылы Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін чемпионы болды.

Сонымен қатар, осы айтулы турнирде жерлесіміз Айтбек Айбол қола белбеудің иегері атанды. Олар Жамбылдың қазақ күресі мектебінің дәстүрін жалғастырып, шын мәнінде мықты екендігін тағы да дәлелдеді.

Сондай-ақ, өткен жылы ұлттық ат спорты түрлерінен өткен республика біріншілігінде «Әулие-Ата» шабандоздар клубының командасы Қазақстан Республикасының 9 дүркін чемпионы атанды. Мұндай биік жетістікке елімізде бірде-бір ат спорты командасы қол жеткізген емес!

Сонымен қатар, елімізде тұңғыш рет спорттың бес түрінен ұйымдастырылған Конфедерация Кубогында дзю-до, таеквондодан облыс спортшылары чемпион атанып, грек-рим күрес командасы күміс медальді иеленді.

Елдос Сметов

Рио Олимпиадасының дзюдодан күміс жүлдегері

Зульфия Габидуллина

Рио Паралимпиадасының жүзуден чемпионы

Бейбит Ыстыбаев

«Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін чемпионы

 

«Әулие-Ата» ат спорты клубы

Қазақстан Республикасының 9 дүркін чемпионы


Leave a Reply